Мамандардың мәліметінше, биыл оңтүстік астанада 2 мыңнан астам адамды кене шаққан
Алматылық екі азаматтан кене энцефалиті анықталды. Бұл туралы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Мамандардың мәліметінше, биыл оңтүстік астанада 2 мыңнан астам адамды кене шаққан. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 11 пайызға артық. Департамент өкілдері зардап шеккендердің жартысына жуығы 14 жасқа дейінгі балалар деп отыр.
Айта кетейік, Алматыда кенеге қарсы өңдеу жұмысы жалғасып жатыр. Дезинсекцияның бірінші кезеңі 26 наурыз бен 30 сәуір аралығында өтіп, 2366 гектардан астам аумақты қамтыған. Оған орман алқабы, қалалық саябақтар мен алаңқайлар кірді. Ал екінші кезең 6 мамырда басталып, әлі жүргізіліп жатыр.
«Биыл кене шаққандарды былтырғы эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда ертерек тіркей бастадық. Бұл күннің ерте жылынып, кенелердің белсенді болуымен байланысты. Дәрігерге жүгінгендердің саны артқанына қарамастан, жалпы көрсеткіш көпжылдық орташа деңгейден аспайды. Жағдайды қазір үзбей бақылап отырмыз», – деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.
Оқи отырыңыз: Эбола вирусы елімізде тіркелген жоқ - ДСМ