Алматылық жастар жаңа Конституция жобасын қолдады

09.02.2026 16:24

Іс-шара барысында Конституциялық батл ұйымдастырылды

Алматының Әуезов ауданында қала жастарының қатысуымен жаңа Конституция жобасы талқыланған зияткерлік Meet-up өтті. Маңызды басқосуға Мәжіліс депутаттары, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Келелі кездесуде қатысушылар сары парақшаларға Ата заңға қатысты сауалдарын жазып, оны топ ішінде бірлесе талқылады. Ал жасыл қағаздарға жобаның ұтымды тұстарын белгілеп, сарапшылармен мазмұнды пікір алмасты. Сонымен қатар іс-шара барысында «Алма» деп аталатын жасанды интеллект құралын тиімді пайдаланып, көкейдегі сұрақтарына жауап алды.

 «Алматы қаласының белсенді жастарымен конституциялық комиссия мүшелерімен кездесу болды. Ол кездесуде жаңа Конституция жобасы талқыланды. Жастар жобаны қолдайды. Кездесуге түрлі жас өкілдері шақырылған. Оның ішінде қоғам белсенділері, жас ғалымдар, саудамен айналысатын жастар және өнер адамдары бар», – деді қоғам белсендісі Ермұхаммед Палмағанбетов.

Іс-шара барысында Конституциялық батл ұйымдастырылды. Екі тарапқа бөлінген жастар бір-біріне Ата заң төңірегінде сауал жолдап, ұстанымын ашық түрде ортаға салды. Ал Мәжіліс депутаттары көтерілген мәселелерді нақты баптар мен тармақтарға сүйене отырып тарқатып, жастарға жан-жақты түсіндірме берді. Кездесу барысында заң мен тәртіп, мемлекеттік тіл, адам құқығы секілді бірқатар өзекті бағыттар қамтылды.

 «Алматы – азаттықтың алтын бесігі саналады. Қала жастары қашанда белсенді. Республиканың өзге өңірлерінен гөрі Алматы – жастардың қаласы, ғылымның ортасы.  Бізде қалыптасқан бір-ақ қана формат бар. Сарапшылар отырып нақты аудиторияның сұрағына жауап береді. Ал бүгін белсенді азаматтар екі топқа бөлініп, бір-біріне сұрақтар қою арқылы мәселені нақты шешу жолдарын қарастырып жатқаны ұнады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан.

Оқи отырыңыз: Ұлттық волонтерлік желі жаңа Конституция жобасын қолдады