Қазақстанда волонтерлік қызмет Конституция деңгейінде бекітіледі

09.02.2026 16:29

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия елдің Негізгі заңында волонтерлік қызметті бекіту туралы ұсынысты қолдады, деп хабарлайды Almaty.tv Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, Комиссия қарауына волонтерлік қызметті конституциялық деңгейде бекіту жөнінде ұсыныстар түскен.

— «Волонтерлік қызмет туралы» заңның болуы, сондай-ақ азаматтардың мұқтаж жандарға өтеусіз, ерікті түрде көмек көрсетуінің маңыздылығы мен оның қоршаған ортаны қорғаудағы рөлін ескере отырып, бұл ұсыныс қолдау тапты, — деді ол.

Осыған байланысты Конституцияның 31-бабының 2-тармағына Қазақстан Республикасында ерікті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандырудың өзге де түрлері, волонтерлік қызмет және қайырымдылық қолдау табатыны туралы толықтыру енгізілді.

Бастамашылардың пікірінше, бұл идея жоба мәтініндегі өзге де нормаларды, әсіресе Конституцияның кіріспесі мен Қазақстан Республикасының қызметінің негізгі қағидаттарын логикалық тұрғыдан толықтырады.

Оқи отырыңыз: Жаңа Конституцияның легитимділігі қалай қамтамасыз етіледі— сарапшы