Солардың бірі – бас жүлдені қанжығаға байлаған 24 жастағы Әліби Пернебек
Алматылық спортшылар халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, көк Туды тұғырдан түсірмей, асқақтатып жүр. Мәселен жуырда Мәскеуде өткен халықаралық «Достық кубогінде» Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Batyr Team» жауынгерлері жарыста қарсылас шақ келтірмей, жүлделі орындардан көрінді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Batyr Team» клубының спортшылары Мәскеуде өткен халықаралық «Достық кубогында» жеңіс тұғырын қарсыластарына бермеді. Әлемнің 16 елінен жиналған 300-ге жуық үздік спортшы қатысқан қоян-қолтық ұрыста отандастарымыз жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарды иеленді. Солардың бірі – бас жүлдені қанжығаға байлаған 24 жастағы Әліби Пернебек. Ол 15 жылдан бері жекпе-жек өнерінің түрлі бағытында шыңдалып келеді. Аралас жекпе-жек, қоян-қолтық ұрыс және жауынгерлік спорт түрлерін жетік меңгерген. Табанды дайындық пен тынымсыз еңбектің арқасында Әліби халықаралық деңгейдегі тәжірибелі спортшыға айналып отыр.
«Әлібиге келсек, 15 жаста келген, өте жақсы дәреже көрсетіп жүр. Мақсатымыз –шетелге шығу. ММА әлем чемпионығ әлемкубогының 2 дүркін чемпионы. Қазақстан жарыстарын айтпай-ақ қояйық, қаншама үлкен жарыста өзін көрсетіп жүрген батырымыз», – деді ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Азиз Разыев.
Спортшы ММА-ден және қоян-қолтық ұрыстан төрт дүркін Қазақстан чемпионы. Сондай-ақ қоян-қолтық ұрыстан үш дүркін әлем чемпионы атанып, әлем кубогының жеңімпазы болған. Бұдан бөлек, аралас жекпе-жектен әлем чемпионатының финалисі ретінде де танылыпты. Кәсіби жекпе-жек лигасында жеңіліс көрмеген жауынгер қазір Төтенше жағдайлар қызметіндегі жұмысы мен спортты қатар алып жүргенін жеткізді.
«Ағам үйретіп бастап, қазіргі бапкерім Азиз ағайға әкелді. Әкем де қолдап, әрі қарай спортпен айналысып жатқаныма 15 жылдан асты. «Batyr Team» деген сияқты спортшыларды қолдайтын команда ашып жатыр. Ең бастысы тәртіп, төзімділік және өзіңе сену керек деп санаймын», – деді Қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы Әліби Пернебек.
Халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылардың қатары көбейген сайын, отандық спорттың әлеуеті артып, болашағына деген сенім де нығая түседі. Сондықтан спорт мектептерінің шыңдалуы, бапкерлер еңбегінің айқындалуы мен жастардың мақсатқа адал болуы – негізгі бағыт.
Гүлмарал Изатқызы, Әйкерім Пернебек, Ханкелді Ахметхан
Оқи отырыңыз: Көпқабатты үйге кіріп жатыр: Шымкентте жылан көбейді