Алматылық құтқарушыларды Президент "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады

22.10.2025 20:14

2001 жылдан бері Алматы қаласы құтқару қызметінің мамандары 20 мыңнан аса адамның өмірін сақтап қалған

 

Талай жанның өмірін ажалдан арашалаған, төтенше сәтте тайсалмай әрекет еткен құтқарушылардың еңбегі еленді. Алматының екі ержүрек маманы Мемлекет басшысының қолынан «Ерлігі үшін» медалін алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Есімі көпке танылған Амиран Ахмедов пен Серік Жаңғақовтың бұл салаға келгеніне 15 жылдан асқан. Тәжірибесі толысқан кәсіби қызметкерлер «түрлі жағдайға тап болсақ та, адам өмірін сақтап қалу қашанда маңызды» дейді. Олар үшін жұмыс таңғы сағат 08.00-де басталады. Алайда апат айтып келмейтіндіктен, кез келген уақытта оқиға орнына аттануға дайын жүреді. Және құтқарушылар бастан кешірген әр жайттың әсері ерекше болатынын айтады. 

«Бәріміз де қуаныштымыз. Жалпы өзім әріптестерім үшін ерекше қуаныштымын. Осындай деңгейге жеткізіп, еңбегімізді ескеріп, марапаттап жатқанымызға ризамын. Көп жағдайда адам өміріне тікелей қауіп төнген сәттер болды. Біз адам өмірін құтқару үшін осында қызмет етіп жүрміз, ал сол адамдар аман қалып жатса, біз үшін ең үлкен қуаныш болмақ», – дейді «Ерлігі үшін» медалінің иегері, 1-санатты құтқарушы Серік Жаңғақов.

«Осы жүріп өткен жолда талай оқиғаны бастан кешірдік. Қар құрсауында қалғандарды, тауға шығып адасқандарды құтқардық. Жарақат алғандарды кейде арқамызға көтеріп тасыған кездер де болды. Бастысы, еңбегіміз бағаланып жатыр. Бұл жеке менің емес, барша сала маманының марапаты деп білемін. Және жалынды жастарды біздің қызметке шақырамын», - деді «Ерлігі үшін» медалінің иегері, 1-санатты құтқарушы Амиран Ахмедов.

Шынтуайтына келгенде, бұл марапат – өз басын тәуекелге тігетін жандардың шеберлігіне ғана емес, батылдығы мен жанқиярлығына да берілген жоғары баға. Өткенді еске түсірсек, 2001 жылдан бері Алматы қаласы құтқару қызметінің мамандары 20 мыңнан аса адамның өмірін сақтап қалған. Сондай-ақ 540 мыңға жуық оқиғада көпшілікке көмек көрсеткен. Атап өтер жайт, орталықтағы қызметкерлер күніне кем дегенде 350 қоңырау қабылдайды екен. Және оның ешқайсысы жауапсыз қалмайды.  

«Бірінші санатты құтқарушыларымыз Серік Жаңғақов пен Амиран Ахмедов талай азаматтың өмірін сақтап қалды. Қызметкерлердің альпинизм саласында тәжірибесі мол. Олардың көмегімен біршама құтқару операциясын өткіздік. Қысқаша айтқанда, ерлер лайықты марапат алып отыр. Бұл оқиға біз үшін де қуанышты жағдай болды. Мамандарымызды мақтан тұтамыз!» - деді құтқару қызметі директорының орынбасары Дәулет Нұрбеков.

Оқи отырыңыз: Қорғаныс саласында дрондар көптеп қолданыла бастады