Министрлік БАҚ өкілдеріне Аягөз гарнизонына баспасөз турын өткізді
Еліміздің Қорғаныс министрлігі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне Абай облысына қарасты Аягөз гарнизонына баспасөз турын ұйымдастырды. Тарихы бай бұл әскери бөлім бүгінде жаңаша дамып келеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Кеңес дәуірінен қалған танктер мен техникалар мұнда әлі де сақтаулы, бірақ қатарында заманауи дрондар да бар. Мұнда барлау мен нысанды жоюға арналған 10-нан астам дрон түрі қолданылады. Жас сарбаздар оларды арнайы симуляторлар арқылы бар болғаны бір айда басқаруды үйренеді. Осылайша, Аягөз гарнизоны бүгінде дәстүр мен технологияны қатар ұштастырып, жаңа буын әскерлерін дайындап отыр.
Қорғаныс саласында дрон қолдану - бүгінгі күннің талабы. Ұшқышсыз басқарылатын бұл құрылғылар бүгінде елдің барлық әскери құрылымында бар.
Аягөз гарнизонының 10181 бөлімінде сарбаздар дронды қолдануды бейнеойындар ақылы үйреніп жүр. Мамандар бұл тәсіл жас жауынгерлердің шеберлігін арттырып, дайындық сапасын жақсартады дейді.
FPV дроны - жауды бақылау арналған техника. Яғни, ғимараттан шықпай-ақ, сыртта келе жатқан жау техникасы немесе адамдар жайлы ақпарат ала алуға болады. Айта кетейік, Аягөз гарнизонында 10-нан астам дронның түрі бар екен.
«Қазір біз FPV дрондарымен жаттығып жүрміз. FPV дәл сол жерде отырғандай көріністі көзілдіріктен көрсетеді. Көзілдірікті шешкенде адам теңгерімін жоғалтып алуы мүмкін. Қазіргі технология талап еткендіктен, әскери қызметкерлеріміз FPV дрондарымен де, квадрокоптерлермен де сенімді ұшуды үйренуі керек. Олардың көмегімен барлау жасауға, қарсыластың қанша және қайда орналасқанын анықтауға болады. Оған артиллерия сияқты құралдарды іліп, дұшпанды нысанаға аламыз», - деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының сержанты Ержан Балтабаев.
Гарнизонда ұшқышсыз басқарылатын құрылғылардан бөлек, ауыр техникалармен жұмыс істеу симулятор арқылы үйретіледі. Жаңадан келген сарбаз 1 ай ішінде толықтай білім алып, танкіні емін-еркін басқарып кете алады екен.
«Бұл ғимаратта, өздеріңіз көріп отырғандай, Т-72 танкінің жүргізушілері, көздеп атушылар және танк командирлері дайындалады. Оқу тренажері жанар-жағармай мен оқ-дәрі жұмсамай-ақ, мамандарды тиімді даярлауға мүмкіндік береді. Әдетте мамандарды бір айдың ішінде дайындап шығарамыз», – деді әскери бөлім командирінің жауынгерлік және дене даярлық жөніндегі орынбасары Әділет Идиришев.
«Қазіргі таңда 2-ші танк батальонының 5-ші танк ротасында көздеуші маманы болып қызмет етемін. Алғашында теориялық сабақтар өттік, содан кейін практикалық дайындықтар болды, полигонға барып, тәжірибе жинадық. Полигонда қызықты сәттер де көп болды. Әрине, басында түсініспеушіліктер болды, өйткені танктегі құрылғылар өте көп. Алғашқыда аздап қорқыныш сезімі де болды», – деді сарбаз Ескендір Кенжебек.
Бұл - 1991 жылы жасалған Т-72Б танкісі. Жылы ескі болғанымен, мамандар оны жыл өткен сайын өзгертіп, заман талабына сай жаңғыртып отырады. Қазір дәл сондай өзгертулердің бірі, жөндеулердің бірі жүріп жатыр. Ерекшелігі - 3-5 км қашықтықтағы нысананы дәл көздей алады. Аягөз горнизонында дәл осындай 90-нан астам танкі бар.
Айта кетейік, мамандардың айтуынша, бұл техникалардың көбі кеңестік дәуірден қалғанымен, жаңғыртудан кейін жаңа болып есептеледі екен. Қазір олар Семей танк зауыты мен Астанада заманауи үлгіде жаңартылып, әскер қатарында қолданылып жүр.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қазақстанда туа біткен жүрек ақауы бар қанша бала тіркелген