Алматылық оқушылар FIRST Global Challenge 2026 чемпионатына қатысып жатыр
Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан жарысқа Қазақстанның спорттық робототехника құрамасы да қатысуда
Қазақстанның ұлттық құрамасы Корея Республикасының Инчхон қаласында өтіп жатқан FIRST Global Challenge 2026 халықаралық спорттық робототехника чемпионатына қатысуда. Байқауға әлемнің 185 елінен жас инженерлер жиналды. Қазақстан бұл жарысқа төрт дүркін әлем чемпионы атағын қорғаушы ел ретінде қатысып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқу-ағарту министрлігінен хабарлағандай, ұлттық құрама сапына Алматы қаласындағы М. Ганди атындағы №92 мектеп-лицейдің 9-10-сыныптарында оқитын бес оқушы енді: Хусейн Мақсұт, Нұртас Серік, Аспандияр Бердали, Арнұр Абдулла және Ерасыл Ендібай.
Биылғы жарыстың тақырыбы орман өрттеріне арналған. Қатысушыларға орман өрттерінің алдын алу және оларды сөндіруге байланысты тапсырмаларды орындайтын роботтарды жобалау, құрастыру және бағдарламалау міндеті қойылған. Чемпионат барысында инженерлік дағдыларға, командалық жұмысқа және халықаралық ынтымақтастыққа ерекше мән беріледі.
Қазақстан құрамасын Асылбек Мұрзахметов, Нұрдаулет Досмағамбет, Нұрсұлтан Ергеш және Дарманбек Наурызбаев жаттықтырады.
Қазақстандық оқушылардың халықаралық чемпионатқа қатысуы инженерлік ойлауды дамытуға, робототехника мен STEM білім беруді кеңінен насихаттауға, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға ықпал етеді.
Оқи отырыңыз: Президент Орталық Азия және Әзербайжан басшыларының кездесуіне қатысады