Әр жаттығу соңында нәтиже нақты сандық көрсеткіштермен бағаланады
Алматылық студент инсульт алған науқастардың қимыл-қозғалысын қалпына келтіретін жоба ойлап тапты. Денені жаттықтыратын виртуалды ойын арнайы компьютерлік бағдарламалар арқылы жасалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 4-курс студенті Айбын Шәкір ми қан айналымы бұзылған науқастарға арнап жоба әзірленген. Жас өнертапқыштың айтуынша, бұл бастама инсультке шалдыққандардың қимыл-қозғалысын дамытып, дереу әрекет етуіне жағдай жасайды. Әр жаттығу соңында нәтиже нақты сандық көрсеткіштермен бағаланады. Виртуалды ойын барысында моторика мен когнитивтік дағдыларды күшейтеді.
«Жобамыз инсультпен ауыратын адамдардың жоғарғы қолының қимыл-қозғалысын қалпына келтіруге бағытталған. Физиотерапиялық жаттығулардан айырмашылығы ойын барысында пациенттің мотивациясы артып, сеансты толық аяқтауға ынталанады. Сонымен қатар ойын соңында нақты метрикалар жинақталады», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Айбын Шәкір.
Жоғары оқу орнында студенттермен қатар, кафедра қызметкерлері де инновациялық жобалар әзірлеуге атсалысады. Соның бірі – инсульттен кейінгі оңалтуға арналған интеллектуалды ортопедиялық құрылғы. Электростимуляцияға негізделген жабдық науқастың қимыл-қозғалысын қалпына келтіруге көмектеседі. Жүйе әр пациентке жеке бейімделіп, оны үй жағдайында да, медициналық мекемеде де қолдануға мүмкіндік береді. Әзірленіп жатқан протез телереабилитация форматында қолдануға бейімделіп, болашақта клиникалық сынақтан өткізілмек.
«Инсульт салдарынан бұлшықетіне зақым келген науқастарды қолдау мақсатында жасанды интеллектіге негізделген интеллектуалды ортопедиялық құрылғыны әзірлеумен айналысып жатырмыз. Емделуші бұл құрылғыны қолына киіп, оны бекіту арқылы білекті орнына келтіре алады», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жасанды интеллект және Big data кафедрасының қызметкері Тимур Бөпеев.
«Ғылым және жоғары білім министрлігі жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулерге үлкен қолдау көрсетіп отыр. Әсіресе, медицинадағы жасанды жады бағытына ерекше назар аударылуда. Сараптамалық болжамдарға сәйкес, алдағы уақытта жоғары білім беру саласында ең көп инвестиция дәл осы жасанды интеллектіге бағытталмақ», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жасанды интеллект және Big data кафедрасының меңгерушісі Мадина Мансұрова.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жасанды интеллектіге негізделген жобалар қоғамның нақты қажеттілігін қамтып отыр. Студенттер мен ғалымдардың бірлескен еңбегі отандық медицинаның дамуына тың серпін беріп, Қазақстанның цифрлық мемлекетке айналу жолындағы маңызды қадамдарының біріне айналмақ.
Ялкунжан Ашімжанұлы, Айкерім Айтмолда