Алматылық студенттер Германияда тағылымдамадан өтеді

03.03.2026 20:25

Германиядан келген делегация құрамында өнеркәсіп орындарының басшылары мен академиялық қауымдастық өкілдері бар

Электр механиктері мамандығы бойынша білім алып жатқан алматылық студенттер Германияда тағылымдамадан өтеді. Бүгін мегаполисте қос елдің өкілдері дуалды білім беру мен кадр даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

  Келіссөздер Алматы электр механикалық колледжінде жүргізіледі. Аталған оқу орнында шет мемлекеттің бизнес өкілдері студенттермен кездесіп, диалог құрады. Онда Германиядағы кәсіпорындар таныстырылып, сұрақ-жауап ұйымдастырылады. Ал іс-шара нәтижесі бойынша жүзден жүйрік шыққандар сол елде тағылымдамадан өтіп, нақты өндірістік жобаларға қатысу мүмкіндігіне ие болады.

«Жоғары білім саласында, яғни бакалаврлар мен магистрлер арасында халықаралық алмасу жобалары көп. Алайда жұмысшы мамандық иелеріне, әлем бойынша сұранысқа ие техникалық мамандарға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Неміс білім беру жүйесін қазақстандық модельге енгізу арқылы біз колледжімізді жаңа деңгейге көтереміз. Бұл болашақта түлектеріміздің дипломдарын Орталық Азияда ғана емес, Еуропа деңгейінде де мойындатуға мүмкіндік береді», – деді құрметті профессор Сергей Серебрянский.

Меморандум аясында Алматының білім беру үдерісіне неміс стандарттарын енгізе отырып, дуалды оқыту жүйесін қалыптастыру көзделген. Жоба екі ел арасында ұзақ мерзімді «кадрлық көпір» құруға бағытталады.

«Былтыр 20 студентіміз Германияға барып, 6 ай тәжірибеден өтіп келді Биыл да 20 студентіміз дайындық үстінде. Оның екеуі кеше Германия еліне аттанды халықаралық тәжірибеден өтуге. Тағы екеуі рұқсатын алып, визасын жасатып жатыр. Келесі аптада Германияға аттанады», – деді Алматы электр механикалық колледжінің директоры Дархан Бақдәулетов

 Бұл жоба қазақстандық студенттер үшін еуропалық жоғары технологиялар нарығына жол ашса, неміс тарапы үшін өндіріс секторына білікті инженерлер мен техниктер тартуға мүмкіндік береді.

Гүлмарал Изатқызы, Адель Ақжаркенова, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Елімізде ақылы жолдардың тізімі жарияланды