Былтыр елдегі ақылы жолдардан 87 миллиард теңге кіріс түскен
Елімізде ақылы жолдардың саны тағы көбейеді. «ҚазАвтоЖол» биылдан бастап жүргізушілерден қосымша 6 жол учаскесі үшін ақы алмақ. Үкіметте компания басшысы Дархан Иманашев тізімді жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Республикада 4 мың 900 шақырым болатын 26 ақылы жол учаскесі бар. Елдегі ақылы жолдарға жауапты Дархан Иманашев олардың санын көбейтпекші. Енді жүргізушілерден тағы 6 жол учаскесі үшін төлем алынбақ. Премьер-министр Бектеновке есеп берген Иманашев теңгесін төлеп жүретін қосымша трассалардың тізімін тізіп берді. Олар – «Қарағанды-Балқаш-Бұрылбайтал», «Бұрылбайтал-Күрті», «Ақтөбе-Қандыағаш-Мақат», «Талдықорған-Өскемен», «Атырау-Астрахань», «Мерке-Шу-Бұрылбайтал».
«Сондай-ақ ақылы жолдарда ақаулар анықталған жағдайда жол жүру ақысын уақытша тоқтату нормасы енгізілді. Қазіргі таңда 14 учаскеде жалпы көлемі 1 миллион 100 мың шаршы метр ақау тіркелді. Жөндеу жұмыстары биылғы жол-құрылыс маусымында қолға алынады», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
Былтыр елдегі ақылы жолдардан 87 миллиард теңге кіріс түскен. Бұл 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге көп. Дархан Иманашев бұл қаражатқа мың жарымға тарта техника мен жабдық сатып алып, жолдарды толықтай күтіп-ұстауға жұмсадым деп отыр. Биыл ақылы жолдардың саны көбейсе, кіріс 100 миллиард теңге болады деп жоспарлап отыр. Бұған қоса, ол ақылы жолдарда апат саны азайғанын да айтады.
«Ақылы жол учаскелерінде қозғалыс қарқындылығы 20 пайызға артқанына қарамастан жол-көлік оқиғаларының саны 8 пайыз төмендеді. Қолайсыз ауа райы кезінде жедел шараларды қабылдау нәтижесінде эвакуацияланған азаматтар саны 3 есе қысқарды. 700 мыңнан астам автокөлікке колоннамен сүйемелдеу қызметі көрсетілді», – деді Дархан Иманашев.
Қазақстан үш жыл ішінде 3,25 мың шақырым трассаға 4,6 триллион теңге жұмсайды. Жолға жауапты министр Нұрлан Сауранбаев Үкімет басшысына «бұл жолдар транзиттік әлеуетті арттырып, елге нақты экономикалық пайда әкеледі» деп есеп берді.
«Тартылатын қаражат тікелей және тұрақты макроэкономикалық әсер етеді. Оның ішінде мультипликативтік әсер байқалады. Материалдар және қызметтердің 90 пайызға жуығы отандық өндірушілерден сатып алынады. Бұл өнеркәсіптің дамуына оң ықпал етеді. Жалпы алғанда, автожол саласына салынған инвестиция экономиканы дамытады», – деді ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.
Былтыр жол салушылар ережелер мен сапаны 4200 рет бұзған. Сондықтан да Олжас Бектенов сапаны бақылау үшін жасанды интеллектіні пайдаланып, цифрлық платформа әзірлеуді тапсырды. Жолдардың мүшкіл жағдайына қатысты халықтан келетін шағым өте көп. Әкімдер азаматтардың өтінішіне жедел жауап беруі тиіс. Одан бөлек, Премьер жауаптыларға 1 мамырға дейін жол бойындағы сервисті дамыту картасын әзірлеуді міндеттеді.
Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында заңсыз жүрген 125 шетелдік елден шығарылды