Алматылықтар Тілеухан Жұмаханұлын еске алды

Саналы ғұмырын сөз өнері мен баспа ісіне арнаған ол қазақ журналистикасында да, көркем аударма мен энциклопедия саласында да айрықша із қалдырды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жазушы, баспагер, аудармашы Тілеухан Жұмаханұлының 70 жылдығына арналған еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі

Қаламгер көзі тірі болғанда биыл мерейлі жасқа толар еді. Саналы ғұмырын сөз өнері мен баспа ісіне арнаған ол қазақ журналистикасында да, көркем аударма мен энциклопедия саласында да айрықша із қалдырды. Қазақ теледидарынан бастап, «Қазақстан әйелдері», «Жалын», «Қазақ энциклопедиясы» сынды беделді басылымдарда еңбек етіп, қай ортада жүрсе де кәсіби талғамымен, ізденісімен, редакторлық қолтаңбасымен танылды. Қаламгердің әр жылдары жазған мақалалары да бүгін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Гүлнәр Уайсованың айтуынша, ның жарық көрген «Әділдік іздеп жүрмін» кітабы –бір адамның шығармашылық мұрасы ғана емес, қоғамның дертіне бей-жай қарамаған журналистің азаматтық үні. 

 «Тілеухан көзі тірісінде «Әділдік іздеп жүрмін» деген атпен журналист кезінде жазған мақалаларын шығаруды  мақсат еткен, бірақ оған ғұмыры жетпеді. Ол кітапты шығара алмады. Біз бүгін сол кітапты шығардық. Ол совет заманында жазылған дүниелер болғанымен, дәл бүгінгі күнге керекті, ең өзекті проблемалар, тіпті балаларды оқытуға байланысты, мектептердегі келеңсіздіктер, мұғалімдерге деген көзқарас та қамтыған екен», – деді жазушының жұбайы, педагогика ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Уайсова.

«Қазақстан әйелдері» журналында Тілеуханмен бірге талай жыл жұмыс істедім. Ол  жан-жақты, ізденімпаз, кәсіби керемет білімді жігіт болатын. Өзі қай жерде істесе, сол ұжымды гүлдендіріп жіберетін, қай газет-журналда істесе, сол басылымның тиражын көбейтуге көмектесетін», – деді жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мағира Қожахметова.

 Тілеухан Жұмаханұлының шығармашылық болмысы бір ғана жанрмен шектелмейді. Ол балаларға арналған танымдық еңбектерден бастап, ұлттық энциклопедиялық басылымдарға дейін бірқатар іргелі жобаның басы-қасында болды. Әлем әдебиетін қазақ оқырманына жақындатуға да өлшеусіз үлес қосты. Замандастары оны қай іске кіріссе де жауапкершілікпен атқарып, ұжымға серпін беретін тұлға еді деп еске алды.

«Тілеухан үлкен аудармашы болды. Нобель сыйлығының лауреаты Ананта Муртиді, жапон жазушысы Кобо Абэні аударды. Бұл екеуі де – өте күрделі жазатын жазушылар. Осы күрделілігіне қарамай, әр сөйлемнің философиялық астары барына қарамай аударып шықты», – деді жазушы, сыншы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Әмірхан Меңдеке.

«Тілеухан ағаны «Аруна» баспасына жаңадан жұмысқа кірген 2000-2001 жылдары «балаларға арналған кітап шығарайық» деген оймен өзім іздеп бардым. Ол кезде Тілеухан аға Қазақ энциклопедиясында жұмыс ңстейді. Алғаш көрдім, кейін дүниеден өткенге дейін бірге кітаптарын шығардық», – деді  «Аруна» баспасының бас редакторы Қарлығаш Байғабылова.

Оқи отырыңыз: Қазақстан мектептері 2025–2026 оқу жылын қалай аяқтап жатыр

Новости партнеров