Іс-шара «Саналы ұрпақ» профилактикалық жобасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды
Алматыда Алатау ауданының прокуратурасы жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға баса назар аударып отыр. «Шекарасыз диалог: Заң. Жауапкершілік. Таңдау» тақырыбында профилактикалық іс-шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Түсіндірме жұмысы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының «Саналы ұрпақ» профилактикалық жобасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылып, кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, бұзақылықтың алдын алуға және өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
«Іс-шара барысында кәмелетке толмағандармен өмірлік жағдайға негізделген кейстік тапсырмалар форматында ашық диалог ұйымдастырылып, қатысушыларға ұсынылған жағдайларға өз бетінше құқықтық баға беру, салдарын айқындау және тиісті шешім қабылдау ұсынылды. Әрбір кейсті талқылау барысында жауаптар сараланып, құқықбұзушылық жасаудың салдары түсіндірілді. Аталған профилактикалық формат алғаш рет өткізіліп отыр. Кәмелетке толмағандар үшін құқықтық мәселелердің қолжетімді әрі түсінікті түрде түсінуге мүмкіндік берілді», – деді Алатау ауданы прокуратурасының бөлім бастығы Нұрболат Алпысбай.
«Әртүрлі кейстер көрсетіліп жатыр. Бір сұрақ қойылады, оның заңды жауабы қандай, енді әр бала әртүрлі ғой, түрлі жауап береді. Әр кейстің заңдық тұрғыдан нақты жауабы айтылды. Балалар көріп, өздері қатысып отырғандықтан, болашақта ескеріп, сақтанып жүреді», – деді Алатау ауданы әкімінің орынбасары Ертіс Бесіров.
Оқи отырыңыз: Алматыда оқушыларға «Заң мен Тәртіп» қағидаты түсіндірілді