Бұл туралы мегаполисті дамытуға бағытталған форсайт-сессия кезінде айтылды
Алматыны дамытуға қатысты ұсыныстар мен бастамалар жинақталып, арнайы талдамалық жазба әзірленеді. Мұндай құжат экология, қауіпсіздік және цифрландыру бағыттарындағы стратегиялық шешімдерді қабылдау кезінде қолданылатын сараптамалық базаға айналмақ. Бұл туралы мегаполисті дамытуға бағытталған форсайт-сессия кезінде айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бизнес, ғылым және билік өкілдері бас қосқан жиынды Ұлттық ғылым академиясы мен қала әкімдігі бірлесе ұйымдастырған. Іс-шараның басты мақсаты – Алматының 2035 жылға дейінгі даму бағытын айқындап, қала әкімдігі үшін нақты ұсыныстар әзірлеу
«Ғылым саласында бизнеске енгізетін ғылыми зерттеулер бар, сол мәселені көтеру. Қоғамда оларды нақты талқылау арқылы, қала өміріне енгізуіміз керек», – деді Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.
Форсайт-сессияда екі стратегиялық бағыт айқындалды. Бірі – ауаның сапасын жақсарту болса, екіншісі – HoReCa секторына, яғни қонақ үйлер мен қоғамдық тамақтану орындарына экологиялық технологияларды енгізу. Сонымен қатар сарапшылар қала инфрақұрылымының сейсмотұрақтылығын арттыру мақсатында «цифрлық егіз» моделін таныстырды.
«Ұлттық Ғылым академиясы өңірлік ғылымды қолдау бағытында 50-ден аса форсайт-сессия өткізді. 210 перспективалық тәжірибені әзірледі. Соның аясында барлық салалық министрлікпен ақылдасып, 62 ғылыми техникалық тапсырма әзірленіп, жұмыс жоспарына енді. Енді нысаналы бағдарламаны қаржыландыруға арнайы жобалар ретінде енгізіліп отыр», – деді ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА пәнаралық ғылым орталығының директоры Қуантар Әлиханов.
Оқи отырыңыз: Атырауда жол ережесін бұзған бойжеткендер жауапқа тартылды