Театр сахнасы – қоғамның ахуалын айқындап, тынысын танытып, үнін жеткізетін рухани кеңістік
Алматы – мәдениет ордасы. Мұнда әдебиет пен өнер түлеп, ұлттық мәдени мұра жаңғырған. Бүгінде шаһардың рухани тынысын айқындайтын өнер ошақтарының ішінде театрлардың орны бөлек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры ғасырлық мерейтойынан кейін шығармашылық ізденісін жалғастырып келеді. Сахна өнерінің қара шаңырағы осы маусымда үш жаңа қойылымға дайындық үстінде. Олар Әбдірахманованың «Әбікен» шығармасы мен Әшімхановтың «Жер аңсаған Сарыатан» повесі. Сонымен қатар мерейтой аясында басталған шығармашылық бағыттың жалғасы ретінде «Әуезов және театр» қойылымы әзірленуде. Оған театрдың бірнеше буын өкілі қатысады. Қойылымдар ұлттық әдебиеттің көркемдік әлемін театр тілімен қайта пайымдауға мүмкіндік береді.
«101-маусымға қадам басып жатырмыз. Қазіргі таңда 3 үлкен премьера дайындалып жатыр. Соның бірінің режиссері - мен. Тұңғыш деп аталады. Жалпы М. Әуезовтың өмірі жолы туралы, театрдың қалыптасуы жөніндегі жақсы қойылым болады деп ойлаймын. Сол тақырыпта қазір қызу дайындық жүріп жатыр», –деді М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының қоюшы-режиссері Аридаш Оспанбаева.
Ал Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 81-маусымын үш жаңа спектакльмен ашты. «Карлсонның қайта оралуы» жас көрерменді қиял әлеміне жетелесе, «Ақбілек. Түс» қазақ прозасының көрнекті туындысын жаңаша түсіндіреді. Сәкен Сейфуллин шығармашылығына негізделген «Көкірек көзі оянғандай» перформативті-пластикалық драмасы болса, эксперименталды сахнаның мүмкіндігін кеңейтуді көздейді.
«Балалар мен жасөспірімдер театры болғандықтан, болашақта кішкентай көрермендерімізге «Алдар Көсе» спектаклін дайындап жатырмыз. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» шығармасы сахнаға ықшамдалды. Жаңа маусымда гастрольдік сапарлар болып, 6 фестивальге қатыстық. Албанияға, Владивостокқа, Шри-Ланкаға барып келдік», – деді Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Дина Жұмабаева.
Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры да жаңа маусымға төрт премьера дайындады. «Алты жасар Алпамыс» білімге құштарлық пен арманға адалдықты арқау етсе, «Жақсылық пен жамандық» ұлттық құндылықтарды дәріптейді. «Taza.kz» қойылымы қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үндейді. Ал «Алматының алмасы» шаһар тарихын ертегі арқылы таныстырады. Балаларға арналған бұл қойылымдардың астарында тәрбие, туған жерге құрмет және ұлттық болмысты сақтау секілді маңызды тақырыптар жатыр. Ал 21- 24 қазанда өтетін халықаралық фестивальде өнер ордасының сахнасында әлемдік қуыршақ театрларының шығармашылығы тоғыспақ.
«Сүйікті көрермендерімізге деген сыйлық ретінде 4 қойылым қойылды. Театрымыздың бастығы Алмат Амангелдіұлы жас режиссерлерге, әртістерге өзін ашуға, қойылым қоюға мүмкіндік береді», – деді Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының әртісі Еркеш Жүнісова.
Театр сахнасы – қоғамның ахуалын айқындап, тынысын танытып, үнін жеткізетін рухани кеңістік. Алматыдағы жаңа қойылымдар да өткеннің мұрасын жаңғыртып қана қоймай, бүгінгі көрерменді толғандырған сауалдарға жауап іздейді. Сондықтан мәдени астананың өнер күнтізбесінде әр премьераның орны бөлек.
Әйкерім Пернебек, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Алматы Азиядағы халықаралық туристік көрмелерде бес бірдей марапатқа ие болды