Заң мен тәртіп: Мектеп оқушылары жол қауіпсіздігін тәжірибе жүзінде үйренді

16.10.2026 15:10

Іс-шара кезінде оқушылар құқық қорғау қызметкерлерінің арнайы техникасы мен жабдықтарын тамашалады

«Бала қауіпсіздігі – басты назарда». Алматыда дәл осындай атаумен жеткіншектердің мектепке барып-қайту жолдарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған оқу-жаттығу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Жиын «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып, оған қаланың сегіз ауданынан 700-ге жуық оқушы қатысты. Балалар жол қозғалысы ережелерін іс жүзінде үйреніп, оны бұзу қандай салдарға әкеп соғатынын көрді.

Мамандар дәл осындай қойылым арқылы оқушыларға жолдан өту ережесін түсіндірді. Балалар көліктің адамды қағып кеткен сәтін көріп, жол қауіпсіздігін сақтамаудың салдары неге әкелетініне көз жеткізді. Осылайша, жеткіншектерге ережені жай ғана айтып қоймай, түрлі жағдайды көзбен көріп, түсінуге мүмкіндік берілді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай тәжірибелік сабақтар балалардың қауіпсіздік дағдыларын жақсы меңгеруіне көмектеседі.

«Бұл – жапония әдісі. Балаларға «былай істе» деп айтпай, нақты  іс жүзінде көріе алады. Автокөлік маникендерді жол көлік оқиғасы кезінде соққанын көрсеттік. Балалар қызығушылықпен қарап, түсінеді деп ойлаймыз», – деді қала прокуроры Серік Кәріпбеков.

Бұдан бөлек, іс-шара кезінде оқушылар құқық қорғау қызметкерлерінің арнайы техникасы мен жабдықтарын тамашалады. Сондай-ақ викториналық сұрақтар ұйымдастырылып, кинологтар мен арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері көрсетілім өткізді.

«Биыл жеке қауіпсіздік пәндері енгізілді. Сол теорияны мектепте алады, практика жүзінде Алматы қаласы бойынша 700-ге жуық бала келіп, тамашалады. Олардың эмоциясында сөз жоқ. Күнделікті теорияда алған білімін қойылым арқылы көрді», – деді Наурызбай ауданы Білім бөлімінің басшысы Салтанат Құсайынова.

Сондай-ақ мамандар оқушыларға буллинг, сталкинг және бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жайлы да түсіндірді.

Басты мақсат – балалардың күнделікті өмірде қауіпсіздік ережелерін сақтау дағдысын қалыптастыру. Себебі оқушы мектепке барарда да, үйіне қайтарда да, серуен кезінде де сақтық шараларын ұмытпауы керек.

Диана Тұрлыбек, Амина Үсенова, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматының тау кластері: жастар үшін қандай жаңа жұмыс орындары ашылады

Толық көрсету