Алматының таулы аймақтарында өрттің алдын алу шарасы күшейтілді

20.07.2026 20:11

 Төтенше жағдайлар департаменті, құқық қорғау органдары, орман шаруашылығы мен еріктілер бірлесіп 80-ге жуық рейд өткізген

Алматының таулы аймақтарында өрттің алдын алу шарасы күшейтілді. Өйткені өңірде қауіптің төртінші санаты жарияланған, деп хабарлайды  Аlmaty.tv тілшісі.

Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті, полиция, «Іле-Алатауы» ұлттық табиғи паркі мен «Медеу» өңірлік табиғи паркінің қызметкерінен мобильді топ құрылған. 25 адамнан тұратын арнайы топ күн сайын рейдке шығып жатыр.

«Белгіленбеген орындарда өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзып жатады. Яғни, оның ішінде от жағу тәртіп бұзушылықтары орын алады. Осыған байланысты әкімшілік құқықбұзушылық хатама толтыру, халыққа түсіндіру және механикаландырылған дозор, көлікте дауыс ұлғайтқыш арқылы адамдардың назарын аудару үшін профилактикалық жұмыстар кешенді түрде жүргізіліп жатыр», – деді Бостандық ауданы ТЖБ инженері Мұхамедали Әділбай.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда от жағуға қатаң тыйым салынды. Талапты елемегендерге әкімшілік хаттама толтырылып, жеке тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Мамандар тұрғындарды табиғат аясында аса сақ болуға шақырады.

«Бұл жерде осы уақытқа дейін арнайы от жағатын орындар болған. От жағатын орынға, 2/2 бетон құйылған. Арнайы мангал қойып, ошаққа от жағуға рұқсат берілген. Бүгіннен бастап толықтай шектеу қойылды. Өйткені Семей орманы өрт шықты. Осыған байланысты барлық орындарда шектеу қойылды», – деді Іле Алатау ұлттық табиғи паркінің жедел топ инспекторы Дәурен Әбілқайыров.

Өрттің алдын алу үшін қалада қаупі жоғары 38 аумақ анықталған. Бүгінге дейін 215 гектарға жуық жерде құрғақ шөп шабылып, 118 шақырым минералды жолақ салынған. Ашық алаңның басым бөлігі Алатау ауданында орналасқан. Қазірдің өзінде мұнда 80 гектардан астам жердің шөбі шабылып, 61 шақырым минералды жолақ жүргізілген.

«Мердігер мекемелер тарапынан күнделікті қураған шөптерді алу, тазалау және сыртқа шығару жұмыстары жүргізіледі. Алатау ауданының ТЖБ-мен бірлесе отырып минералдық жолақ деген атаумен айтылатын қураған шөп пен жасыл-желектің арасында қураған шөптерді алу және жер жырту жұмыстарымен айналысып жатырмыз», – деді Алатау ауданы Көріктендіру бөлімінің бас маманы Мадияр Абуев.

 Шаһарда өрт ошақтарын ерте анықтау үшін заманауи технологиялар белсенді енгізіліп жатыр. «Медеу» табиғи паркінде арнайы камералар мен оптикалық-сенсорлық кешендерді қамтитын орталық бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Бұдан бөлек, «Көктөбе» мұнарасы мен Алатау ауданындағы Индустриялық аймақта орнатылған бейнекамералар да тәулік бойы бақылау жүргізеді. Бұл жүйе өрт белгілері анықталған жағдайда жедел қызметтерге автоматты дабыл жібереді.

Олжас Омарбек, Ханкелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Алдағы үш күнде күн салқындайды