Алтай-Алатау арасы: Ақсұңқар Ақынбабаның шығармашылық кеші өтті

08.11.2024 14:53

Ақын сөзіне жазылған 3 жаңа әннің тұсауы кесілді

Алматы төрінде ақын, журналист, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ақсұңқар Ақынбабаның шығармашылық кеші өтті. "Алтай-Алатау арасы" аталатын рухани-мәдени іс-шара ақынның атажұртқа оралғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кеш шымылдығын Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының өкілдері құттықтау хат оқып, ашып берді. Екі сағатқа созылған іс-шара аясында ән мен жырдан шашу шашылып, 3 жаңа туындының тұсауы кесілді. Ал кеш соңында өнер майталманы «Қазақ руханиятына қосқан үлесі үшін» медальімен марапатталды.

"Менің сөзіме жазылған жаңа 3 әннің тұсауы кесіледі. Біреуі – "Мәңгілік ел". Әнін белгілі композитор Бейбіт Оралұлы ағамыз жазған.  Ал "Бәрі жақсы болады" әнінің авторы – белгілі композитор Ясира Заханқызы. Амангелді Сәндібайұлының әні "Түркістаным – Тұраным" деп аталады,  – деді ақын Ақсұңқар Ақынбаба.

"Ақын қыздардың ішіндегі ең рухы биік, өлеңдерінде де,  мінезінде де андағайлап тұратын бір ақын болса, осы – Ақсұңқар Ақынбаба. Ақсұңқардың жемісті еңбек ететін уақыты келді деп ойлаймыз, бергенінен берері көп", – деді  "Үркер" журналының бас редакторы Жарас Сәрсек.

Оқи отырыңыз: Мамандығым-болашағым: Ұлытау облысында кадр тапшылығы қалай шешілмек