Алтай – түркі әлемінің бесігі: Шығыс Қазақстан туристерді қалай баурап жатыр

Катонқарағай, Риддер, Марқакөл мен Алтай Шығыс Қазақстанның туристік брендіне айналып келеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шығыс Қазақстан биыл туристер саны бойынша рекорд орнатпақ. Өңірге 700 мыңнан астам демалушы келеді деп күтілуде. Қазір аймақтың ішкі туризмі қарқынды дамып жатыр. Халықаралық фестивальдер, жаңа туристік бағыттар, тұмса табиғат пен тау-көлдер саяхатшылардың қызығушылығын туғызып отыр, деп хабарлайды  Аlmaty.tv.

Катонқарағай, Риддер, Марқакөл мен Алтай Шығыс Қазақстанның туристік брендіне айналып келеді. Бұрын бұл өңірлерге көбіне табиғат аясында тынығуды жаны сүйетіндер ғана тұрақтаса, қазір мұнда ірі халықаралық іс-шаралар да назар аударып отыр. Соның айқын дәлелі – «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі. Он мыңдаған қонақты қабылдау үшін ұйымдастырушылар инфрақұрылымды жаңғыртуға білек сыбана кіріскен.

«Жол алыс болды, төрт күн жүрдік. Үлкен дайындықпен келдік. Біздерді қазіргі әлеуметтік желіде көрдік. Сондықтан жан-жақты дайындалып келдік», – деді Катонқарағай ауданы Мәдениет бөлімінің басшысы Гүлнара Жақсылықова.

Фестиваль басталмай тұрып-ақ аудандағы барлық қонақүй толық брондалып қойған. Мамандардың айтуынша, туристік маусымға байланысты өңір инфрақұрылымына түсетін салмақ артып отыр. Одан бөлек, туристік маусымның тұрақсыздығы тағы бар. Мысалы, Риддер қаласында қыс мезгілінде шаңғы базалары мыңдаған демалушыны қабылдаса, ал жаз айларында олардың біразы қаңырап бос тұрады.

«Басты мәселе – демалыс орындарының жаз мезгілінде бос қалуы. Кейбірі тіпті уақытша жұмысын тоқтатады. Сондықтан жазғы туризмді дамытуға басымдық беріп отырмыз. Бұл бағытта үш негізгі туристік нысанымыз бар. Олар – Ворошилов шыңы, «Үш ағайынды» шыңдары және Радон көлі», – деді Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиев.

 Сондықтан өңір тек қысқы демалыспен шектелмей, экологиялық соқпақтарды, экстремальды жарыстарды, ауыл туризмін, гастрономиялық бағыттарды және жаңа табиғи демалыс орындарын дамытуға ерекше ден қойып отыр.

«Таулы аймақ қысқы спорт түрлеріне ғана емес, жазғы демалысқа да өте қолайлы. Сондықтан жаз мезгілінде осы бағытты дамытуға инвестиция құйып, түрлі фестивальдер ұйымдастырып жатырмыз. Бұл қазақстандықтарды ғана емес, көршілес елдерден келетін туристерді де қызықтырады», – деді демалыс базасының директоры Андрей Михеенков

Айта кетейік, өңірде жолдар жаңартылып, жаңа қонақүйлер, кемпингтер мен демалыс аймақтары салынып жатыр. Өйткені туристер саны артқан сайын сапалы инфрақұрылымның маңызы да күшею үстінде. Былтыр өңірге 450 мыңнан астам турист келсе, биыл бұл көрсеткішті 700 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.

Айдана Шалқар, Руслан Мұхамедьяров, Шығыс Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз: «Шымбұлақтың» келушілерді қабылдау мүмкіндігі бес есеге артады