90 жылдан аса тарихы бар өнер ордасы биылғы маусымды 4 премьера сахналайды
Алматыда Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры 91-маусымының шымылдығын түрді. 90 жылдан аса тарихы бар өнер ордасы биылғы маусымды 4 премьерамен бастамақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шығармашылық ұжымның қуанышын бөлісуге танымал өнер майталмандары мен эстрада жұлдыздары, сондай-ақ қала тұрғындары келді. Ал театр қызметкерлері қызыл кілеммен жүріп өтіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, жаңа маусымның басты ерекшелігі – қойылымдар балаларды ертегі әлеміне жетелеп қана қоймай, қазіргі қоғамдағы маңызды тақырыптарды қозғайды.
«Тәй-тәй басып келе жатқан баланың мәдени ой-өрісін қалыптастыратын осы –қуыршақ театры. Сахна дегеннің не екенін, көрерменнің кім екенін, қошеметі театрда көреді, бойына сіңіреді. Шаралар Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қала күні қарсаңында ұйымдастырылып жатыр», – деді Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев.
Айта кетейік, жаңа маусымның алғашқы күнінде көрермен назарына «Алты жасар Алпамыс» спектаклі ұсынылды. Танымал фильм негізінде сахналанған адаптация алғаш рет қуыршақ бейнесінде театр сахнасына жол тартты. Ертең ұлттық құндылықтарды заманауи бағытта дәріптейтін «Жақсылық пен жамандық» спектаклі қойылады. Ал 17 қыркүйекте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңызын насихаттайтын «Taza.kz» қойылымы, 18 қыркүйекте Алматы қаласының тарихы мен мәдени болмысын арқау ететін «Алматының алмасы» спектаклі көрермен назарына ұсынылмақ. ¤
«Алты жасар Алпамыс мектепке барады» фильмінің желісімен театрымызда қойылым сахналанды.Фильмнен қатты ауытқу жоқ, режиссердің балаларға бергісі келген тәлім-тәрбиесі, айтқысы келген дүниені көрермен сахнадан да көрсін деген ниетпен дайындадық. Бұл – үлкен жұмыстарымның бірі», – деді Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының режиссері Шоқан Құлназаров.
Оқи отырыңыз: Сыр елінде қос дипломды мамандар даярланады