Ұлытаудағы қазба жұмыстары Алтын Орда тарихын толықтыруы мүмкін
"Әлем ғалымдарының Алтын Орда тарихына қызығушылық танытуы кездейсоқ емес. Себебі оның саяси ықпалы Шығыс Еуропа мен Еуразия кеңістігіндегі көптеген елдердің тарихымен тығыз байланысты". Осылай пікір білдірген мамандар бұл дәуірді жан-жақты зерттеу тек Қазақстан үшін ғана емес, халықаралық ғылыми қауымдастық үшін де маңызды деп отыр. Бұл ретте археологтар мен тарихшылар тың деректерді анықтап, тарихи мұраны жаңа қырынан зерделеуге күш салып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алтын Орда – тарихы терең, Еуразия кеңістігінде өшпес із қалдырған ірі мемлекеттердің бірі. Ғасырлар қойнауында сақталған бұл дәуір әлі де толық зерттеліп біткен жоқ.
Бүгінде тарихшылар мен археологтар жаңа деректерді анықтап, Алтын Орданың саяси, мәдени және экономикалық өміріне қатысты тың мәліметтерді ғылыми айналымға енгізіп келеді. Бұл бағытта зерттеумен айналысып жүрген мамандардың бірі – Жақсылық Сәбитов.
Оның айтуынша, сол кезеңге қатысты мәліметтер жыл өткен сайын толығып, жаңа тарихи деректер ашылып жатыр.
«Жалпы, шығыс дереккөздері туралы айтқанда, олардың саны жыл сайын көбейіп келе жатқанын айту керек. Мысалы, мәмлүк сұлтаны Мұхаммед ән-Насырдың анасының Алтын Орда ақсүйектерінен шыққаны туралы мәліметті біз биыл анықтадық. Сонымен қатар басқа да тың деректер табылып жатыр. Мысалы, қазақ қоңыраттарының арғы аталарының бірі саналатын Алтын Орда әмірі Нангудтың шығу тегі туралы бұрын әртүрлі пікірлер болған. Қазір біз оның шежіресін ІХ ғасырға дейін толық анықтадық. Бұл да өте маңызды ғылыми нәтиже», – деді «Жошы ұлысын зерттеу» ғылыми институтының директоры Жақсылық Сәбитов.
Тарихшылардың айтуынша, Алтын Орданың үш ғасырлық тарихында оның әртүрлі бөлігінде жүзден астам хан билік құрған. Дегенмен бұл дәуірге қатысты әлі де анықталмаған деректер аз емес. Сондықтан археологтар қазір Ұлытау өңірінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мамандардың айтуынша, қазба барысында Алтын Орда дәуіріне қатысты бұрын белгісіз болған қалалар мен қоныстардың орны анықталуы мүмкін. Ұлытаудың таңдалуы да бекер емес. Өйткені бұл өңір Алтын Орда тарихында маңызды орын алған.
«Бұл жерде Алтын Орда дәуіріне қатысты көптеген сәулет ескерткіштері, кесенелер бар. Алаша хан, Жошы хан, Бұлған ана сынды көптеген тарихи нысандар орналасқан. Сондай-ақ бірнеше қаланың орны бар. Қазір соларды біртіндеп қазып жатырмыз. Басқамыр, Аяққамыр, Хан ордасы. Осы жолы Донбағу қаласының орнын қазуды жоспарлап отырмыз. Оның да Алтын Орда тарихымен тікелей байланысы бар деген болжамымыз бар», – деді Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Дөкей Талеев.
Алтын Орда тарихына қатысты жазба деректердің басты ерекшелігі – олардың көптеген тілде сақталуында. Бұл кезең туралы мәліметтер араб, парсы, моңғол, қытай, түркі, шағатай, армян, грузин және өзге де тілдердегі тарихи еңбектерде кездеседі.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, "Алматы" телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Наурызбай ауданында жаңа су тарту нысаны іске қосылды