Басқосуда реформалар мен бастамаларды жан-жақты талқылау және оларды жүзеге асыру алдағы уақытта да белсенді түрде жалғасатыны айтылды
«Жаңа Конституцияны қабылдау – халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын іске асыруда маңызды қадам». Бұл пікір Алматыда өткен AMANAT партиясы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сонымен қатар маңызды жиында білім беру мен ғылымды дамыту, мәдениет пен инновацияны ілгерілету, цифрлық құқықтарды қорғау мәселелері кеңінен қозғалды. Сондай-ақ басқосуда реформалар мен бастамаларды жан-жақты талқылау және оларды жүзеге асыру алдағы уақытта да белсенді түрде жалғасатыны айтылды.
«Преамбулада тағы бір жаңалық бар. Біздің мемлекетімізде ең бірінші құндылық – адам, одан кейін табиғат. Табиғатты қорғау керек. Қазақстанның байтақ жері бар, сол жерді сақтау керек», – деді реформалар жөніндегі Парламенттік жұмыс комиссиясының мүшесі Алуа Ибраева.
Сонымен қатар, келелі кездесуде AMANAT партиясының 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған жол картасының орындалу барысы кеңінен сөз болды.
Атап айтқанда, 2025 жылы «Келешек мектептері» жобасы аясында 23 100 оқушыға арналған 13 жаңа мектеп бой көтерген. Бұдан бөлек, 1 596 орындық 7 балабақша пайдалануға беріліп, 3 креативті хаб пен 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне ұсынылған. Жиын соңында заңгерлер Ата заңның негізгі нормаларына құқықтық тұрғыдан жан-жақты түсіндірме берді.
«Қазақстан бойынша 90 пайыз қылмыстық істерде, әкімшілік істер бойынша мынау «Миранда» құқықтары түсіндірілмейді. Негізі процессуалдық заңнамаларда бар, бірақ Конституциямызда жоқ еді. Адамды ұстау барысында, адамды қамау барысында ескерілетін оның құқығы мен бостандығы түсіндіру туралы ақпарат қамтылған», – деді Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Ғалымжан Саржанов.
Оқи отырыңыз: Конституция мәтініне талдау жасалды: жұмыс тобына кімдер жұмылдырылды