Ұлытау облысында 30-ға жуық отбасын көшіріп әкелу жоспарланып отыр

Ел бойынша былтыр 7 мыңнан аса адам солтүстікке көшіп, тұрақтап қалған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Ұлытау облысында оңтүстік өңірлерден 30-ға жуық отбасын көшіріп әкелу жоспарланып отыр. Бұл шамамен 250-ге жуық адам. Мамандардың айтуынша теріскейге қоныс аударғысы келетіндердің қарасы көбейген. Жалпы ел бойынша былтыр7 мыңнан аса адам солтүстікке көшіп, тұрақтап қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған жас отбасы Ырысбек пен Ұлпатайдың жаңа шаңырағы. Бұрын Қызылорда облысы Қармақшы ауданында тұрған олар бүгінде Ұлытау өңірінде Жезқазғаннан тұрақты табыс тауып, баспаналы болуға нақты жоспар құрып отыр.

«Платформаға қатысқаннан кейін осы арқылы жұмысты көрдім. Қазір Табиғи монополиялар департаментінде бас маман болып жұмыс істеймін. Конкурсқа қатысу нәтижесінде Ұлытау облысының мемлекеттік бағдарламаға енгенін естіп, жергілікті мансап орталығының мамандарымен сөйлесіп, көшуді түбегейлі шештім. Қазіргі таңда үйді жалдап тұрып жатырмын. Баспана алуды жоспарлап отырмыз», – деді тұрғын Ырысбек Өмірбай.

Ерлі-зайыпты теріскейге қоныс аудару – жас отбасылар үшін жақсы мүмкіндік екенін айтты. Өйткені жастар мұнда тұрақты жұмыс тауып, баспаналы бола алады.

«Мамандығым бастауыш мұғалімі, Қазіргі таңда мұғалімдік тесттен өтіп, сайт арқылы балабақшаға тәрбиешілікке өтінім тастап қойдым. Конкурстың нәтижесін күтіп отырмыз. 1,5 жастағы баламды балабақшаға кезекке қойдым», – деді  тұрғын Ұлпатай Амангелдиева

Бағдарлама аясында соңғы екі жылда Ұлытау өңіріне 56 отбасы қоныс аударыпты. Олардың бала күтіміне байланысты үйде отырғандарын қоспағанда барлығы дерлік жұмыспен қамтылған және басым бөлігі осы аймақта тұрақтап қалған. Ал биыл тағы 27 отбасыны өңірге тарту жоспарланып отыр.

«Қоныс аударған азаматтардың басым бөлігі өңірде қалып еңбек нарығына кірді. Жыл сайын тұрақтап қалу көрсеткіші артып келеді. Әсіресе 2025 жылы 27 отбасы яғни 111 адам көшіп келді. Көшіп келген азаматтардың барлығы жұмыспен қамтылады», – деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Ләззат Амангелдина.

Қоныс аудару бағдарламасы бойынша әр отбасы мүшесіне 300 мың теңге көлемінде бір реттік көмек беріледі. Сондай-ақ бір жыл бойы тұрғын үйді жалға алу үшін ай сайын 100 мың теңге мөлшерінде қаржылай қолдау көрсетілген.

Бүгінде Ұлытау облысында оңтүстіктен келген отбасылар саны артып келеді. Олар тек демографиялық ахуалды жақсартып қана қоймай, жергілікті экономиканың дамуына да үлес қосуда. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жаңа өмір бастаған отбасылар болашаққа сеніммен қарайды.

Алтынгүл Төлегенова, Мақсат Дүкенбай, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында 56 жасқа дейінгі тұрғындар әскер қатарына алынып жатыр

Новости партнеров