Яна Легкодимованың өліміне қатысты іске нүкте қойылды

17.11.2025 19:06

сотталушылар марқұмның анасы Галина Легкодимоваға материалдық шығын ретінде 1 миллион 955 мың теңге төлейді

Атырауда 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты жаға ұстатарлық іске бүгін нүкте қойылды. Жас қызды аса қатыгездікпен өлтірген Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимов өмір бойына сотталды. Судья олардың кінәлі екендерін толық дәлелдеп, істің егжей-тегжейін жіпке тізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сағат 11:00-де өтеді деп белгіленген сот үкімі бір сағатқа кешіктіріліп басталды. Залда тіпті ине шаншыр жер болмады. Судья сотталушы Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимовтың әрекетін кісі өлтіруді алдын ала жоспарлады деп бағалады. Оған дәлел ретінде марқұмды өлтіру схемасын жоспарлағандарын, өзара жазған хаттарын, мәйітті жасыру жолдары мен жауапкершіліктен қашуға тырысу әрекеттерін жариялады. Кейін судья дүйім жұрттың жағасын ұстатқан қанды қылмысқа нүкте қойып, Яна Легкодимованы аса айуандықпен өлтірген екі айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім кесті.

«Сот шешімімен Қайыржанов пен Катимов ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 7 және 8-тармақтарында көзделген аса ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. "Жаза мерзімі олардың ұсталған күні – 2024 жылғы 22 қазаннан бастап есептеледі. ҚР ҚК-нің 62-бабы 3-бөлігінің 1-тармағына сәйкес, Қайыржанов пен Катимовтың үкімі заңды күшіне енгенге дейін қамауда болған уақыты жазаның бір күніне бір күн есебімен толықтай қосылады», – деді судья Зарема Хамидуллина.

Марқұмның анасы сот шешімімен толық келіскенімен «қызым қайтіп келмейді, әу бастан жеңілдім» деп көз жасын ағыл-тегіл төкті.

«Мен – әуелде жеңілген адаммын. Қызымнан айырылдым. Нағыз қанышерлер тиісті жазасын алды деп ойлаймын. Осы күнге дейін қолдау көрсеткен, жан-жақтан демеу білдірген адамдарға алғысым шексіз. Бір өкіншістісі елімізде өлім жазасының жоқтығы. Әу бастан кінәларын мойындамай келді, қызыма жала жауып. Бірақ, сот бар айғақтарды келтірді, кінәлары толығымен дәлелденді», – деді марқұмның анасы Галина Легкодимова.

Енді сотталушылар марқұмның анасы Галина Легкодимоваға материалдық шығын ретінде 1 миллион 955 мың теңге төлейді, сондай-ақ, моральдық өтемақы ретінде әрқайсысы жәбірленуші тарапқа 15 млн теңге төлеуге міндеттелді.

Еске салсақ, 23 жастағы Яна Легкодимова бір жыл бұрын із-түзсіз жоғалған еді. Кейін күдікті ретінде екі адам ұсталды. Ризуан мен Алтынбек бойжеткенді өлтіріп, денесін Жайық өзеніне ағызып жіберген. Марқұмның денесі тек сегіз айдан кейін табылған.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Заңгер Арман Дүйсеновтің отбасындағы мәселені өз қолына алғанын айтты