Құжат аясындағы негізгі бағыттардың бірі – қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдер мен отбасыларға кешенді қолдау көрсету
Алматыдағы «Мейірім мекені» орталығында азаматтардың құқығын қорғау, әйелдер мен отбасыларды қолдау бағытында мемлекеттік мекемелер, қоғамдық және қайырымдылық қорлардың өзара ынтымақтастығына арналған меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Маңызды жиынға қалалық Әділет және Полиция департаменттері, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Отбасын қолдау орталығы және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Тараптар құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету бағытындағы бірлескен жұмысты күшейтіп, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету тетіктерін талқылады.
«Бүгінгі іс-шара аясында 9 жақты меморандумға қол қойылды. Басты мақсатымыз — аналар мен балаларды қолдау бағытында күш біріктіріп, бірлесіп жұмыс істеу. Орталығымыз 40 отбасыға шақталған, қазіргі таңда мұнда 23 отбасы тұрып жатыр», – деді «Мейірім мекені» әлеуметтік үйінің директоры Нұрсұлтан Қабиев.
Құжат аясындағы негізгі бағыттардың бірі – қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдер мен отбасыларға кешенді қолдау көрсету. Мұнда білікті құқықтық кеңеспен қатар, әлеуметтік және психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру көзделген. Әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандардың мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Жиын соңында қатысушылар орталық ғимаратын аралап, тұрғындарға жасалған жағдаймен танысты.
Оқи отырыңыз: «ARAL» мен «АПОРТ»: Алматыда отандық деректі кинолардың көрсетілімі өтті«Меморандум «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қиын жағдайға тап болған отбасыларға, аналар мен балаларға қолдау көрсету үшін ұйымдастырылып отыр. Біздің де қызмет алушыларымыз бұған дейін «Мейірім мекеніне» орналастырылған. Ендігі кезекте өзара әріптестікті бұрынғыдан да нығайтып, жұмысты жаңа сапалы деңгейге көтеруді мақсат етіп отырмыз», – деді Отбасын қолдау орталығының директоры Ақмолжан Зарипов.