«ARAL» мен «АПОРТ»: Алматыда отандық деректі кинолардың көрсетілімі өтті

Президент Телерадиокешенінің 30 жылдығына арналған ауқымды жоба еліміздің 20 қаласын қамтыды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тарихты оқулықтан ғана емес, экран арқылы да тануға болады. Алматыда осы идеяны арқау еткен «Хроникадан болашаққа» атты республикалық кинолектория жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 Президент Телерадиокешенінің 30 жылдығына арналған ауқымды жоба еліміздің 20 қаласын қамтыды. Бірнеше ай бойы көрермендерге Деректі кино орталығы түсірген таңдаулы туындылар ұсынылды. Фильмдерде ел тарихындағы елеулі кезеңдер, табиғаттың өзгеруі, қоғамдағы маңызды мәселелер мен бүгінгі Қазақстанның тыныс-тіршілігі шынайы баяндалады. Алматыдағы қорытынды көрсетілімде қауым назарына «ARAL» және «АПОРТ» фильмдері ұсынылды. Оның бірі теңіздің тартылуын және одан туындаған экологиялық әрі әлеуметтік зардаптарды сөз етсе, екіншісі Алматының тарихи символы мен қаланың өзіндік болмысын көрсетеді.

«Арал» туралы деректі фильм – бәрімізге белгілі әлемдік экологиялық апат туралы. Басты мақсатымыз – қасіреттің адам қолымен жасалғанын көрсету. Егер адам баласы ниеттеніп, ақылға салып, бәрін бірдей қолға алатын болса, өзі бүлдірген дүниені қайтадан қалпына келтіре алатынын жеткізгіміз келді», – деді ҚР Президенті Телерадиокешені Деректі кино орталығының редакторы Нұрлан Қабдай.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Хроникадан болашаққа» жобасы отандық деректі киноға деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, қоғамның тарихи жадысын жаңғыртуға да зор үлес қосты.

«Мақсатымыз – Мемлекет басшысының қызметі мен жүргізіп отырған саясатын деректі фильмдер арқылы көрерменге жеткізу. Сонымен қатар ел өміріндегі өзекті мәселелерді қамтитын сапалы контент әзірлеу. Экология тақырыбы – Мемлекет басшысы әрдайым басты назарда ұстайтын мәселелердің бірі. Бұл бағытта «Таза Қазақстан» акциясы мен басқа да бастамаларды үндестіре отырып, арнайы экологиялық фильмдер дайындадық», – деді ҚР Президенті Телерадиокешені Деректі кино орталығының директоры Ақылбек Шалжанов.

Оқи отырыңыз: Өнердегі 30 жыл: әлемге танымал опера жұлдызы Алматыда ән кешін өткізді