Ana tili - 35: газеттің бүгіні мен болашағы жайлы сөз қозғалды

Жиында сөз алғандар газеттің мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге, ұлттық сананы жаңғыртуға сүбелі үлес қосып келе жатқанын атап өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлттың үнпарағына айналған «Ana tili» газетіне 35 жыл толды. Айтулы датаға орай Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Заманауи журналистика: тәжірибе, ғылым, инновация» атты жиын өтті, деп хабарлайы Almaty.tv тілшісі.

Республикалық «Ana tili» газетінің алғашқы саны 1990 жылы 22 наурызда жарық көрген. Содан бері басылым ұжымында елге танымал, қаламы қарымды талай азамат қызмет істеді. Бүгінгі басқосуға жиналған олар естеліктерін айтып,  газеттің бүгіні мен болашағы жайлы сөз қозғады.

«Ana tili» газеті тілдің дамуына, ғылыми тәжірибеде әлемдік өркениеттер көшіне қосылуына үлкен еңбегі сіңіп келе жатыр. Жарылқап ағадан кейін Мереке Кұлкенов, Мақсат Тәжімұрат, Қали Сәрсенбай, Самат Ибраим сияқты азаматтар басқарды», – деді  «Қазақ газеттері» Алматы қаласы бойынша жетекшісі Есей Жеңісұлы

 «Ana tili» газетінде қазақтың мәселелерін көтердік. Алаш арыстары, салт-дәстүр, тіл, шежіре, дінге қатысты мәселелер жазылды. Қазақ халқы басылымды оқиды», – деді «Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы.

Жиында заманауи журналистика тақырыбы талқыланды. Онда Ұлттық университет базасында ашылған Медиадағы жасанды интеллект орталығының мамандары сөз алып, жобаларын таныстырды.

«Журналистика факультетімен бірге AI MediaLab жасанды интеллект көмекшісін құрып жатырмыз. Оның мақсаты қандай? Бұл автоматты түрде көптеген қызметі атқара алады. Біріншіден, фактчекинг дейміз, жалған ақпаратты тани алады, салыстырып, анықтап береді. Одан кейін тұжырым шығара алады», – деді Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының меңгерушісі мадина Мансұрова.

Жиында сөз алғандар газеттің мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге, ұлттық сананы жаңғыртуға сүбелі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ басылымның ұлт руханиятындағы рөлі бағамдалып, ақпараттық-рухани күрестегі орны мен болашақ бағыты жайлы ой қозғалды.

Гүлмарал Изатқызы, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Қаныш Сәтбаев және қазақ руханияты: 5 томдық академиялық шығармалар жинағы жарық көрді

Новости партнеров