Аналар ерекше балалармен жұмыс істейтін қызметкерлерге алғыс айтты

Мекеме алдында жиналған олар жұмысқа жеткен мамандарды күтіп алып, ыстық ықыласын білдірді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда "Ерекше балалар ата-аналары одағы" қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлеріне алғыс айту флешмобын ұйымдастарды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Таңмен таласа мекеме алдында жиналған олар жұмысқа жеткен мамандарды күтіп алып, ыстық ықыласын білдірді. Одақ жетекшісінің айтуынша, ерекше жандарға әрдайым демеу болып, әлеуметтік-медициналық  қолдау көрсететін орталық қызметкерлерінің еңбегі көбіне тасада қалып қояды.

"Бұл флешмобтың мақсаты – үлкен алғыс білдіру. Әлеуметтік қорғау орталықта жұмыс жасап жүрген жұмыскерлердің, өкінішке қарай, еңбегі бірден көзге көрінбейді. Бірақ сол кісілердің арқасында отбасыларға, балаларға қолдау, көмек көрсетіліп жатыр. Инклюзивті қоғамда ғана барлық адамдар бір-бірін қабылдайды, түсінеді, қорғайтын болады", – деді  "Ерекше балалар ата-аналары одағы" РҚБ басқарма төрағасы Рауан Сағадиева.

Артынша ата-аналар орталық музейге барып, мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылығына арналған ерекше көрмеге қатысты. Көрмеде балалардың салған суреттері, тоқыма және қолөнер жұмыстары ұсынылды. Осындай бұйымдар арқылы жеткіншектер ойы мен сезімін білдіруге мүмкіндік алған. Ал мұражай басшылығы мұндай іс-шараларды қолдауға әрдайым дайын екенін жеткізді.

"Орталық мемлекеттік мұражай 2003 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау үшін қайырымдылық шараларын өткізеді. Біз мұндай жеткіншектерге ерекше назар аударып, қамқор болуымыз керек. Сондай-ақ мұражай тарапынан тұрақты түрде шеберлік сағаттары да ұйымдастырылады", – деді ҚР Орталық мемлекеттік музейі директорының орынбасары Анна Кущенко.

Оқи отырыңыз: Хан Сұлтан. Алтын Орда: Алматыда жаңа ұлттық операның тұсауы кесілді

Новости партнеров