Хан Сұлтан. Алтын Орда: Алматыда жаңа ұлттық операның тұсауы кесілді

Операның қойылуына түркітілдес елдердің ғалымдары да ғылыми кеңесші ретінде қатысқан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында «Хан Сұлтан. Алтын Орда» атты жаңа ұлттық операның тұсауы кесілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толуына орай ұсынылған «Хан Сұлтан. Алтын Орда» опералық спектаклі – екі бөлімнен тұратын тарихи драма. Бас кейіпкер Хан Сұлтан – Ұлыстың негізін қалаушы Жошы ханның үшінші әйелі, Алтын Орданың ұлы билеушілерінің бірі, Берке ханның анасы. Ол – көрегенділігімен, қайсар мінезімен және саяси біліктілігімен өзін де, ұлдарын да Алтын Орданың белді қайраткеріне айналдырған тұлға.

"Драмалық тұрғыдан да, вокал жағынан да ерекшіліктерге тұнып тұрған опера дер едім. Өзімнің тарапымнан да біраз дүние қостым. Дайындық процесі ұзақ болды. Кейіпкерім менің біраз жаңа қырымды ашты", – деді Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының әншісі Зарина Алтынбаева.

"Хандық интрига, операда бүкіл Шыңғыс ханның ұрпақтарының қандай болғаны және олардың қандай жағдайға бір-біріне кездескені, қалай өз-өздерін көрсеткені көрініс тапты", – деді Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының әртісі Ислам Хамзаев.

Жаңа туынды классикалық опера болғанымен, заманауи техникалық мүмкіндіктердің озық үлгілерін қолданған. Сахнаның трансформациялық декорациялары мен жарық эффектілері ұтымды пайдаланылған. Өнер ордасының басшысы – Айнұр Көпбасарова туындының идея авторы, ал итальяндық Давиде Ливермор – қоюшы режиссері. Сондай-ақ операның қойылуына түркітілдес елдердің ғалымдары да ғылыми кеңесші ретінде қатысқан.

"Бұл тарихи оқиғаның орны мен үшін ерекше. Қазақстандағы алғашқы жобам емес. Әр нотаның тыңдарманның, көрерменнің көңілінен шығуы үшін тынбай еңбектендік. Ұжым керемет жұмыс істеді деген ойдамын", – деді режиссер Давиде Ливермор.

"Хан сұлтан – Жошы ұлысы тарихындағы маңызды тұлға болды. Ол Алтын Орданың мұсылмандыққа бет бұруына үлкен үлес қосқан. Бұл туындыда өте кәсіби жұмыс жүргізілгенін атап өткім келеді", – деді Алтын орда және татар хандықтарын зерттеу орталығының жетекшісі Илнұр Мирғалеев (Татарстан).

Жаңа ұлттық операға 170-тен астам арнайы сахналық киім тігілген. Солистер, оркестр, хор, балет топтары мен өзге де қатысушыларды қоса алғанда 300-ге жуық әртіс өнерін көпке паш етті. Мұндай кең ауқымды қойылым көрермендердің көңілінен шығып, өткенге тағы бір мәрте көз жүгіртуге мүмкіндік берді.

БЛИЦ:

"Жаңа формат, керемет".

"Хор, әншілердің дауысы жүректі тебірентті. Қайсар әйелдің образын керемет ашқан".

"Өте жоғары деңгейде ұсынылған, ауқымы кең. Ұлттық операмыз деп мақтанышпен айтамыз!"

Шыңғыс ханның Хорезмшах мемлекетін жаулау кезеңінен басталған туынды Алтын Орданың қалыптаса бастаған кезеңімен аяқталады. Либретто осы бір мәлім де беймәлім Хан Сұлтанның бейнесін ашып қана қоймай, белгілі тарихи тұлғалардың өмірінен де тың деректер ұсынады.

Жансая Олжабек, Әмина Үсенова, Мейрам Исабеков

Новости партнеров