Англияға барып, мол табысқа кенелмек болған 350 адам сан соғып қалды

03.07.2025 20:40

TikTok-тағы жарнамаға сеніп, алданып қалғандар құқық қорғау органдарына жүгінді

"Англияға барып, мол табысқа кенелесіз". Осындай үйіп-төккен уәдеге сенген 350 қазақстандық сан соғып қалғанын айтып шағымданды. Алматыда орналасқан компания 6 облыстың азаматтарынан ірі көлемде қаражат жинап, "бір ай ішінде шетелге шығарамыз" деген көрінеді. «Бірақ арада бірнеше жыл өтсе де, нәтиже жоқ» дейді жиналғандар. Уәдесі көп, ісі жоқ мекемеге алдандық дегендер енді әділет іздеп, құқық қорғау органдарына жаппай шағым түсіріп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

«Еуропа еліндегі табысты жұмысқа барамыз деп тақырға отырдық» деген 6 облыстың тұрғындары алаяққа алданғандарын айтып, Алматыдағы бас кеңсенің алдында бас қосты. Шетелден нәпақа іздеген көпшілік «екі айдың ішінде Ұлыбританияға барасыз» деген уәдеге шын сенген. Бірі банктен несие алып, енді бірі үйін кепілге қойып, 1 миллион теңгеге жуық ақшасын компанияға санап берген. Бірақ мекеме 2 жылдан бері не құйған қаржыны қайтармай, не жұмысқа жолдама бермей отыр екен.    

«Бұл компанияны TikTok желісінен көріп, келдім. 2023 жылы 21 мамырда Гүлнұр ханымға 800 мың теңге ақша жібергенмін. Содан бері ақшамды ала алмай жүргеніме екі жыл өтті. Бота деген әйел «әне-міне» деп ақшамды бермей келеді. Күнде уәде береді, бухгалтерім есептеп жатыр, мен пойызда кетіп бара жатырмын, барлық дәлел де, келісім де бар», - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Ғазиза Айсикенова.

Алматыда орналасқан бір ғана кеңседен бүкіл Қазақстанды алдап соққан бұл компания Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда, Астана секілді ірі өңірлерден 350 адамды «жұмысқа орналастырамыз» деген желеумен өз торына түсірген. Жалған үмітке сенгендерден талап етілген қаражат та әртүрлі. Біреу 650 мың теңге төлесе, енді бірі 800 мыңға дейін беріпті. Бірақ екі айда шетелге жөнелтеміз деген уәде жүзеге аспай, ақшасын қайтаруды талап еткендерге тек «арыз жазыңыздар» деген шолақ жауаппен шығарып салыпты.

«Бізге берген уәдесі бойынша екі айдың ішінде жібереміз деген. Ол екі ай өтіп кетті. Одан қыста желтоқсан айында жібереміз деді. Желтоқсаннан кейін наурызда онлайн кездесу болады деген. Ешқандай іс-әрекет болмады. Одан кейін ақшаны қайтарып алу үшін келдік. Мен жеке өзім осы жерге 6-рет келіп отырмын», - дейді Алматы облысының тұрғыны Асылбек Бердімұратов.

Әлеуметтік желіде жарнамасы желдей ескен компания Мамыр ықшамауданында орналасқан. Алданғандар әлі де сенім артып, құжат тапсырып жатқандар көп дейді. Мән-жайды өз көзімізбен көру үшін біз кеңсеге келдік, десек те, есігі тарс жабық. Ал сан соғып қалған тұрғындар түрлі өңірден келіп, арыз жазу үшін жауапты мекемеге кетті.

Төзе-төзе шыдамы таусылған көпшілік ақшасын қайтаруды талап етіп, құқық қорғау органдарына бас сұқты. Мұнда қазірдің өзінде ондаған адамның арызы тіркеліп үлгерген. Заңгерлердің айтуынша, егер бірнеше адамның шағымы бір іске тоғысса, бұл "алаяқтық" ретінде қаралып, ауыр бап бойынша қылмыстық іс қозғалады екен.

«Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-тармағы бойынша, яғни бір емес, бірнеше рет алаяқтық жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда барлық тергеу амалы басталып кетті. Міндетті түрде күдіктілер анықталып, оларға қатысты сот және прокуратураның келісімімен бұлтартпау шарасы тағайындалатын болады», - деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ал компания өкілдері «шетелге бара алмаған жағдайда қаражат бір ай ішінде кері қайтарылады» деп сендіреді. Олардың айтуынша, қазіргі таңда 190-нан астам адамның өтемақысы берілген, ал қалғанының өтініші кезең-кезеңімен қарастырылып жатыр екен. Мекеме директоры туындаған түйткілдің басты себебі делдалдан деп отыр. Яғни, шетелде жұмыс істеуге ниет білдіргендердің дені тікелей кеңсеге емес, арадағы делдалдарға жүгінген. Соның салдарынан құжат рәсімдеуде қиындық туындаған. Бұл жағдай түсініспеушілікке әкеп соққан.

«700 адамның ішінен 300-і ғана қалды. Олардың ақшасын қайтарып беріп жатырмыз. Бірақ өкінішке қарай, халық ренжиді, бәрін дұрыс түсіне бермейді. Жылына 1000 адамды жіберу оңай емес қой. Қазір нақты қанша адамның қалғанын бухгалтерден қарап, тізім бойынша біле аламын, 40-50 адам болуы керек. Бәрінің ақшасы қайтарылып жатыр. Біз қазірдің өзінде күзгі тұсаукесерге дайындалып жатырмыз», - деді компания директоры Ботагөз Жүнісова.

Компания басшылығы мәселе кезең-кезеңімен шешіліп жатыр десе де, екі жылдан бері нәтиже күткен жұрт енді құр уәдеге емес, нақты әрекетке сенгісі келеді. Көпшілік бұл жолы тірлік бітпесе, құқық қорғау органдарына, тіпті Бас прокуратураға шағымдануға бекініп отыр.

Мәди Мәлік, Думан Дәлетбақұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қауіпті кезең: елімізде 261 орман өрті тіркелген