Жалпы шаһарда 90 тұрғын үй апатты деп танылған
Атырауда осыдан 70 жыл бұрын салынған екі қабатты үйдің тұрғындары үйінді астында қалуы мүмкін. Өйткені апатты деп танылған ғимараттың іргетасы әбден шөгіп, қирауға шақ тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.
1950 жылы іргетасы қаланған екі қабатты үйде қазір 100-ден аса жанұя тұрады. Көбі егде жастағы қарт кісі мен көпбалалы аналар. Жаңбыр жауса баспана іші көлге айналып, жүру мүмкін емес. Қақаған аязда жылуға жарымай, бала-шаға шетінен ауырып шығады. Ал қабырғада пайда болған жарықтардан дала көрінеді. Амалы таусылған жұрт енді ағайын-туыстың үйін жағалап жүр.
«Пеште жылу жоқ. Тазалық жоқ. Көгеріп жатыр, неше рет несие алып, жөндедік, Зейнеткер, декреттегі аналар тқрады, шығындала беетін жағдайы жоқ», – деді қала тұрғыны Айзада Бисембай.
«Еш өзгеріс жоқ, жаңбыр жауса төбеден су ағады. Жылу жоқ. Электр жылыту пешін қосамыз. Балалардың бәрі ауру болды. Баратын жер жоқ, пәтер жалдап жатыр. Тышқан қаптап кетті», – деді қала тұрғыны Фариза Сәрсенғалиева.
Үй 20 жылдан бері апатты нысан ретінде танылған. Үйдің жыртығын жамаймыз деп шығынға батқан тұрғындар бір күні үйінді астында қалып қоямыз деп алаңдайды. Мұндағы қарттарға тіпті қиын. Жылуы жоқ үйден сай-сүйегі сыздап, әбден сырқат болған.
Шенеуніктер қажыған халықты толық көшіретінін айтты. Бірақ бұл жұмысты олар тек 2029 жылға қарай іске асырмақ. Ал жылу мен жарық мәселесін тиісті мекемеге ұсыныс жасап, қалыпқа келтіріп бермек.
«2011 жылы тозы жеткен апатты екені жайында мәлімдеме бар. Жол картасы бойынша облыс әкімі орынбасарымен бекітілген. 2029 жылғы кестеге қойылды. Ал коммуналдық жағынан «Атырау су» арнасына қарайды», – деді қалалық ТҮКШ және тұрғын үй иснпекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлжамал Жолдасова.
Жалпы шаһарда 90 тұрғын үй апатты деп танылған. Атқамінерлер алдағы үш жылда қаладағы барлық үйді сүреміз деп уәде беріп отыр.
Оқи отырыңыз: Әріптесім зорлап, телефонға түсірген: Алматы облысында жәбірленуші әділдік іздейді