Әріптесім зорлап, телефонға түсірген: Алматы облысында жәбірленуші әділдік іздейді

Келіншек өз телефонынан интимдік сипаттағы бейнежазба тапқан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында тіс дәрігері әріптесін зорлады деген күдікке ілінді. Өзінің бұл әрекетін ер адам бейнекамераға таспалаған. Телеарнамызға қорлық көріп, бірнеше айдан бері әділдік іздеген жәбірленуші жүгініп, көмек сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Атын атамауды жөн көрген Боралдай кентінің тұрғыны сол түні болған оқиғаны есіне түсіріп, көзіне еріксіз жас алды. Жәбірленушінің сөзінше, былтыр сәуірде тіс емханасында бірге жұмыс істейтін әріптес қыз-келіншектер көңіл көтеретін орында бас қосқан. Кейін оларға сол клиникада жұмыс істейтін ер адамдар қосылған. Кеш аяқталған соң азаматтардың бірі оны үйіне жеткізіп салуды ұсынған. Таксимен келе жатқанда, келіншектің айтуынша, ер кісі оны алдап, жалғыз жүргізушімен жүру қауіпті екенін айтып, өзі басқа көлік шақырып беремін деп сендірген. Артынша күш қолданып, көліктен түсіріп әкеткен. Зәбір көрген әйел «үйіне кірген соң ер адам есірткіге ұқсас затты қолданып, оны маған да беруге тырысты» дейді

«Үйге келген соң шамамен екі сағат диванда отырып, бір нүктеге қарап қалдым. Не болғанын түсінуге тырыстым. Қол-аяғым, бүкіл денем ауырып тұрды. Денемде, қолымда, аяғымда көгерген іздер болды. Айнаға қарасам, мойнымда да гематомалар бар. Сол сәтте телефоныма үңілдім, сөйтсем ол менің телефоныма бәрін түсіріпті. Сол түні бірнеше рет зорлық жасаған, өйткені менің оған қайта-қайта қарсылық танытқаным есімде», – деді жәбірленуші.

Келіншек өз телефонынан интимдік сипаттағы бейнежазба тапқан. Айтуынша, жазбаны сол әріптесі түсірген. Кадрлардан оның қарсылық білдіріп, ер кісіні тоқтатуға тырысқаны естіледі.

Жәбірленуші бұл туралы клиника басшылығына хабарлаған. Алайда қолдау көрсетудің орнына қысымға тап болған. Әріптестері бейнені өшіріп, «мәселені өзара шешуге» үгіттегенін айтады. Күдікке ілінген ер адам жасағанын мойындап, кешірім сұрап, ақша ұсынған көрінеді. Бірақ әйел келіспеген. Қорлық көрсеткен кісімен бір жерде жұмыс істей алмай, ұжымдағы қысымға да шыдай алмай келіншек көп ұзамай жұмыстан шығып кеткен. Полицияға арызданғаннан кейін тергеу созбалаңға салынған. Оны сараптама жасауға тек 3 айдан соң шақырыпты. Ақыры іс қылмыс құрамы болмады деген негізбен тоқтатылған.

«Тергеу кезінде екі тараптың жауабында сәйкессіздік болды. Сол себепті мен бейнежазбаға фонетикалық сараптама тағайындауды, барлық куәларды шақыруды сұрап, ресми өтініш бердім. Заң бойынша тергеуші мұндай дәлелдерді ескеруі тиіс еді. Алайда өтініштерге жауап берілмей, іс тоқтатылды», – деді Алматы облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Руслан Хен

«Аталған факт бойынша 2025 жылғы 11 сәуірде 29 жастағы азаматшаның арызы негізінде полиция қызметкерлерімен қылмыстық іс тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 28 жастағы азамат анықталып, ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. 2025 жылғы 29 қыркүйекте қылмыстық іс заңда белгіленген тәртіппен тоқтатылды. Қабылданған процестік шешім қылмыстық процестің үш буынды моделі шеңберінде қадағалаушы органмен келісілді», – деді полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин.

Жәбірленушінің қорғаушысының айтуынша, бұл шешімге облыстық Полиция департаменті деңгейінде шағым түсірілгенімен, нәтиже болмаған. Сорақысы сол, әлгі ер адамның әлі де жұмысын жалғастырып жатқаны белгілі болды. Мән-жайды анықтау үшін тіс емханасына бас сұқтық. Алайда ондағы қызметкерлер оқиға жайлы ештеңе білмейтінін айтып, жауап беруден бас тартып, түсірілім тобын тездетіп шығарып салуға тырысты.

Жәбірленуші қорлық көргеннен кейін жұмысынан айырылып, енді қарсы тарап қысым көрсете ме деп үрейленіп жүр. Айтуынша, тіс емханасы оған қарсы арыз жазып та үлгерген. Ендігіде жәбірленуші мен оның қорғаушысы істі қайта қарау үшін Бас прокуратураға жүгінуге ниетті.

Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Шымкентте бүлдіршіндерді инемен қорқытқан тәрбиеші жұмыстан қуылды

Новости партнеров