Апельсин шырынының ағзаға пайдасы қандай - зерттеу нәтижесі

01.12.2025 16:30

Зерттеу барысында ересектер екі ай бойы күніне 500 мл таза пастерленген апельсин шырынын тұтынған

Depositphotos.com

Апельсин шырыны көпшілік үшін жай ғана таңғы аста ішетін сусын болғанымен, жаңа зерттеулер оның ағзаға әсері әлдеқайда терең екенін көрсетті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ғалымдардың айтуынша, апельсин шырынын тұрақты түрде ішу иммундық жасушалардағы мыңдаған геннің белсенділігін өзгерте алады. Ол гендер қан қысымын реттеуге, қабынуды азайтуға және қант алмасуын бақылауға қатысады. Мұның барлығы жүрек денсаулығына тікелей байланысты.

Зерттеу барысында ересектер екі ай бойы күніне 500 мл таза пастерленген апельсин шырынын тұтынған. 60 күннен кейін қабыну мен жоғары қан қысымына жауап беретін NAMPT, IL6, IL1B, NLRP3 сияқты гендердің белсенділігі төмендеген. Сондай-ақ бүйректе натрийді ұстап тұруға әсер ететін SGK1 гені де бәсеңдеген.

Бұл нәтижелер апельсин шырыны жасөспірімдер мен ересектердегі қан қысымын төмендетуге көмектеседі деген алдыңғы зерттеулерді қуаттайды. Ғалымдар мұны цитрустарда көп кездесетін гесперидин атты табиғи флавоноидтың әсерімен байланыстырады. Ол қабынуды азайтып, қан тамырларын кеңейтуге ықпал етеді.

Сонымен қатар артық салмағы бар адамдарда май алмасуына жауапты гендер көбірек өзгерсе, арық адамдарда қабынуға қатысты гендер айқынырақ әсерге ұшыраған.

15 клиникалық зерттеуді қамтыған кең көлемді талдау да күнделікті апельсин шырыны қант диабеті кезінде инсулинге төзімділікті және жүрек-қан тамырлары ауруларының негізгі қауіп факторторы саналатын қандағы холестерин деңгейін төмендететінін көрсетті.

Апельсин шырыны ішек микробиомына да жағымды әсер етеді. Мысалы, бір зерттеуде бір ай бойы қызыл апельсин шырынын ішкен адамдарда қысқа тізбекті май қышқылдарын өндіретін пайдалы бактериялар көбейген. Бұл заттар қан қысымын қалыпқа келтіреді және қабынуды азайтады.

Метаболикалық синдромы бар адамдарға әсері тіпті айқынырақ. Артық салмағы бар 68 адам қатысқан зерттеуде апельсин шырыны қан тамырларының эндотелий функциясын жақсартқан. Бұл – инфаркт қаупін төмендететін маңызды көрсеткіш.

Барлық зерттеу бірдей нәтижелерді көрсете бермегенімен, жалпы деректер апельсин шырыны тек «қант қосылған сусын» деген түсінікті теріске шығарады. Талшыққа бай тұтас жеміс бәрібір пайдалырақ, алайда күнделікті аз ғана мөлшерде табиғи апельсин шырынын ішу де ұзақ мерзімде оң әсер береді.

Ғалымдардың пікірінше, апельсин шырыны қабынуды азайтып, қан айналымын жақсартып, жүрекке пайдалы биомаркерлердің көрсеткішін біртіндеп жақсарта алады.

Дереккөз: sciencealert.com

Оқи отырыңыз: Күн сайын қанша жұмыртқа жеуге болады: гастроэнтеролог жауабы