Әкімдік өкілдерінің айтуынша, "Қазақмыс" корпорациясы жылу өндіру мақсатында арзан көмір пайдаланады
Ұлытау облысының тұрғындары «Таза ауа жұтудан қалдық» деп ашынады. Қалаға жауған ақ қар әп-сәтте қара түске еніп, ауа ластанып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сәтбаевтағы соңғы үш жылда қар жауса, көшелер мен ауладағы көліктердің беті, тіпті пәтердегі терезенің жақтаулары да қап-қара түске енеді. Жергілікті тұрғындар бұл мәселеде қаланы жылумен қамтамасыз етіп отырған қазандықты кінәлайды. Әртүрлі деректерді алға тартқан азаматтар «жауаптылар бұл мәселеге бей-жай қарамаса» деген тілек білдірді.
"Қаламызда экологтар неге дабыл қақпай жатыр? Тек дабыл қағып қоймау керек, әкімшілікпен бірігіп, жұмыс істеуі тиіс. Балаларымыздың денсаулығына алаңдаймыз", – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Мөлдір Мұқатова.
"Адамдардың бетінде түйіршік көрініп тұрды. Көмірдің түрін ауыстыру керек пе, әлде фильтрді ауыстыру керек пе? Соңғы екі жылда осы мәселе пайда болды, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Алдияр Амангелді.
Мәселені айтып, алдымен жергілікті әкімдікке ат басын бұрдық. Бірақ Сәтбаев қаласының билігі қандай да бір түсінік беруден бас тартты. Олардың айтуынша, мұндағы кәсіпорын "Қазақмыс" корпорациясының балансында. Олар жылу өндіру мақсатында арзан көмір пайдаланады, есесіне тарифтердің өсірмей отыр.
Бірақ бұл амал экологияға зиян келтіруде. Өткен ғасырдың 60-жылдары пайдалануға берілген қазандық тозған және газ тазарту жүйелері заманауи стандарттарға сәйкес келмейді.
«Қазіргі уақытта жылу энергиясы кәсіпорны экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға және кешенді экологиялық рұқсат алуға бағытталған қолжетімді технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Ең маңызды жоба – газ тазарту жүйесін орнату. Бүгінгі таңда Сәтбаев қаласын газдандыру бойынша жоба әзірленуде, ол жеке сектордың барлық үйін қамтиды. Бұл қазандыққа жүктемені азайтуға, сондай-ақ атмосфераға шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді», – делінген «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС баспасөз қызметі берген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін кәсіпорын жылу беруде үзіліс болдырмау үшін ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізген. Шығындардың жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеден асты. Бірақ былтырғы уәде сол күйі орындалған жоқ. Тұрғындар жыл сайын қыс түссе, «қара» қар кешеді.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, Ұлытау облысынан
Оқи отырыңыз: Зорлап, атына несие рәсімдеген: Ақтауда зәбір көріп, көз жұмған бойжеткеннің туыстары сот үкімімен келіспейді