Жер жаһанда ауа температурасы небәрі 1,5 градусқа жылынған
Құрғақшылық, аптап ыстық, мұздықтардың еруі. Бұл қазір бүкіл әлемді алаңдатып отырған маңызды мәселе. Ал оның негізгі себебі – климаттың өзгеруі. Соңғы жылдары жер жаһанда ауа температурасы небәрі 1,5 градусқа жылыпты. Соның салдарынан әлемде экологиялық қана емес, экономикалық кедергілер туындай бастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қараша басталды, бірақ далада әлі де суық ызғар байқалмайды. Әдетте бұл уақытта күн суытып, қар аралас жаңбыр жауып, арты қара суыққа ұласатын. Ғалымдар соңғы уақытта климаттың құбылуы сеп болғанын айтып отыр. Еуропаның қоршаған орта жөніндегі агенттігі келтірген дерекке сүйенсек, «кәрі құрлықта» ауа температурасы 1980 жылдан бастап көтерілген. Қазір бұл аймақ жер жаһанның өзге бөліктеріне қарағанда 2 есе жылдам жылынып жатыр. Экономикалық зерттеу ұлттық бюросының ақпарынша, әлемде ауа температурасы 1-1,5 градусқа ғана көтерілген. Былай қарасаң, елеуге келмейтін көрсеткіш. Алайда салдары әлем халқын әуре-сарсаңға салуда. Құрғақшылық, орман өрттері, мұздықтардың еруі, су тасқыны.
Климаттың өзгеруі табиғи апаттар тудырып, адамзатты экологиялық проблемадан бөлек, экономикалық қиындықтарға душар етуде. Мәселен, аптап ыстық салдарынан Еуропада екі жыл бұрын 70 мың адам қайтыс болып, ауыл шаруашылық өнімдеріне де қауіп төнген. Былтыр Нидерланды, Франция, Германия, Дания мен Бельгияда картоп егістіктері 7 процентке қысқарды. Зәйтүн алқаптары да қурап, оның майы 50 пайызға қымбаттап кетті. Ал биыл Испанияда қатты су тасқынынан 200-ден аса адам мерт болып, инфрақұрылым жарамсыз күйге түсті. Климатологтар «шұғыл шара қолданбаса, осы ғасырдың аяғында қызыл судан келетін шығын көлемі жылына 1 триллион еуроға жетуі мүмкін» деп отыр. Ал ыстық климатты елдер үшін ауа райының жылынуы тиімсіз. Температураның сәл де болса ауытқуы – ұзақ мерзімді экономикалық дағдарысқа әкеліп, ішкі өнімнің төмендеуіне ықпал етеді.
Көп оқылған: Алматыда жер сілкінді
Бұл құбылыс Қазақстанды да айналып өтпегені рас. Биыл көктемде еліміздің біраз бөлігін қызыл су басты. Ал алдыңғы жылдары орманды алқаптарды қызыл жалын шарпыған. Тасқын мен өрт себебін отандық ғалымдар ауа райының жылынуымен түсіндірді. Өйткені бүкіл әлемде биылғы ақпан адамзат тарихында қыстың ең жылы айы болыпты. Ал жаздағы аптап ыстық құрғақшылық тудырған. Мұның ел экономикасына тікелей ықпалы бар. Ол ең алдымен ауыл шаруашылық саласына кері әсер етеді. Яғни температураның көтерілуі - оңтүстік және орталық аймақтарда жауын-шашын мөлшерін төмендетіп, өнімдердің аз шығуына немесе дәнді-дақылдардың қурауына әкеледі. Салдарынан азық-түліктің бағасы қымбаттайды.
Екіншіден, тау-кен мен энергетика өнеркәсібі зардап шегеді. Нақтырақ айтсақ, аталған салада техникалық жабдықтарды салқындату энергетикалық және қаржылай шығынды арттырып, жұмысшылар мен инфрақұрылымға қауіп төндіреді. Үшіншіден, су ресурсымыз сарқылуы мүмкін. Қардың еруі лай-көшкіні мен тасқынға әкеліп, тіршілік нәрі босқа далаға кетеді. Өзен-көлдер құрғап, су тапшылығы болуы ықтимал. Бұл гидроэлектр станцияларына және сумен жабдықтау жүйелеріне қауіп төндіреді. Әрине, аталған апаттар еліміздің әр өңірінде әртүрлі байқалады. Себебі Қазақстан қоңыржай климаттық белдеуде орналасқан. Орталық Азияның қоңыржай, жартылай шөлді, сулы, тіпті таулы аймақтарын алып жатыр. Ал ғалымдар бұл құбылысты «айтып келмейтін» апат деу шындыққа жанаспайды дейді. Климаттың одан әрі нашарлап, экономикамыз құлдырап кетпеуі үшін бірқатар шараларды қазірден қолға алуды ұсынады.
"Әлемдік жылынуға септігін тигізетін нәрсе – көміртегі. Сондықтан қазір жылу пештерінің барлығын көмір емес, газға ауыстыру өте маңызды. Осы проблеманы шығаратын транспорт мәселесі де бар. Сондықтан қалаға түтіндетіп жүретін машиналарды кіргізу де өте зиян. Ал электромобильдердің көбеюі, сосын көліктердің газға өтіп жатқаны проблеманы шешуге көптеп септігін тигізеді. Мұның өзі – экономика", – деді экономика ғылымдарының докторы, академик Атамұрат Шәменов.
Жаһандық жылыну проблемасына бей-жай қарамай, жер анаға қамқорлықты әркім өзінен бастағаны абзал. Ал мемлекет тарапынан белсенді, әрі кешенді стратегия әзірленуі қажет екені хақ. Бұл тұрғыда экономист мамандар халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, маңызды қадамдар жасалуы керек екенін алға тартты.
Ол үшін су ресурстарын үнемдеуге және азық-түлік өнімділігін арттыруға көмектесетін тұрақты ауыл шаруашылығы техникаларын енгізген жөн. Фермерлерді оқыту бағдарламаларын көбейтіп, субсидиялар көлемін арттыру да климаттық өзгерістерге бейімделуге ықпал етеді. Сондай-ақ жасыл энергетиканы дамыту үшін баламалы энергия көздерін пайдаланып, жаңа су тазарту құрылыстарын құрғақшылық аймақтарға оңтайландыру қажет. Бұл – табиғи апатпен күресте таптырмас шешім. Сонда ғана Қазақстан климаттық сынақтарға төтеп бере алатын, жаһандық өзгерістер жағдайында бәсекеге қабілетті елге айналмақ.
Оқи отырыңыз: Алматыда жаңбыр мен қар: коммуналдық қызметтер қауіпсіздік шарасын күшейтті