Еліміздің кей аймақтарында күндіз 39 градусқа дейін ыстық болуы мүмкін. Синоптиктер құрғақ ауа райына байланысты бірқатар өңірде өрт қаупі сақталатынын ескертті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілішісі.
Еліміздің шығыс, оңтүстік аймақтарында ыстық сақталып, күндіз ауа температурасы 35-тен 39 градусқа дейін көтеріледі. Синоптиктер осындай болжам жасап отыр. Дегенмен, ауа температурасы барлық өңірде бірдей жоғарыламайды. Мамандардың мәліметінше, алдағы аптада батыс циклонының әсерінен Қазақстан аумағының басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнауы ықтимал.
«Күндізгі ауа температурасы еліміздің батысында 27-35 градусқа дейін жоғарылайды. Солтүстігінде 17-28 градусқа дейін төмендейді. Солтүстік шығыста және орталығында аптап ыстықтың аздап бәсеңдеуі байқалып +25-33 градус болады. Оңтүстігінде және оңтүстік шығысында 27-35 градус шамасында сақталады, шығысында 32-39 градусқа дейін жететін ыстық ауа райы сақталады», – деді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Аружан Мұратова.
Ал дәрігерлердің айтуынша, ыстық күндері медициналық көмекке жүгінетін науқастар саны күрт артады. Әсіресе, жоғары температура егде жастағы адамдардың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді. Мамандардың сөзінше, ыстық ауа райы артериялық қан қысымының көтерілуіне әсер етіп, инфаркт пен инсульт сияқты жүрек-қан тамырлары ауруларын қоздыруы ықтимал.
«Ең алдымен ыстық уақытта яғни сағат 11:00-ден сағат17:00 дейін далаға шықпаған дұрыс. Үйде көбірек су ішу керек. Ыстық кезде көбірек су жоғалтуына байланысты организмде қан қоюланады. Бұл одан сайын екіншілік жүрекке үлкен жүктеме түсіреді. Соның нәтижесінде жүректегі созылмалы немесе жасырын аурулары осы ыстық кезде қозып, үлкен көріністер, клиникаларын беруі мүмкін», – деді терапевт дәрігер Асқар Үсей.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Абай, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласында, сондай-ақ Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Ұлытау және Түркістан облыстарында өрт қаупі әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: Әл-Фарабидегі жол апаты: Марқұм Томирис Қыдырбектің анасы айыпталушыға кешірім берді