Сот отырысында бұрын-соңды жарияланбаған жол-көлік оқиғасы кезіндегі бейнежазбалар көрсетілді
Алматыда Әл-Фараби даңғылы бойында үш адамның өмірін қиған ауыр жол апатына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін сотталушының қорғаушысы айыпталушының көлігінде марқұмдар отырған Mercedes-пен соқтығысқанға дейін техникалық ақау болғанын алға тартты. Сөзінше, бұл туралы өтінішхат жолданғанымен, сотқа дейінгі тергеу кезінде тиісті түрде тіркеліп, зерттелмеген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілішісі.
Бүгінгі сот отырысына марқұм Томирис Қыдырбектің анасы онлайн қосылды. Ол қызының көз жұмғанын 21 наурыз күні таңертең естіп, мүрдесін тану үшін мәйітханаға барғанын айтты. Сөз соңында марқұмның анасы айыпталушыға толықтай кешірім беруді ұйғарды. Қорғаушы тарап сотталушының жәбірленушілермен бітімге келу туралы өтініші бар екенін айтып, хатты сот залында аудармашы оқып шықты.
«Жол-көлік оқиғасының ауыр зардаптарына және қызымның қазасына қарамастан, мен және менің жақын туыстарым Александр Пакты кешіреміз. Біз онымен татуластық. Пак өз кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкініп, кешірім сұрады. Келтірілген материалдық және моральдық шығын толық көлемде өтелді», – деді марқұмның анасы.
Сондай-ақ бүгінгі сот залында куәгерлер «Тек шындықты айтамыз» деп ант беріп, көрген-білгендерін жайып салды. Бір куәгердің айтуынша, олар Абылайхан-Мақатаев көшелерінің қиылысындағы мейрамханада отырған. Сол күні олармен бірге шамамен 6-7 адам болыпты. Куәгер «Мен тек сусын іштім, ал айыпталушының ішімдік тұтынғанын байқамаппын» деп жауап қатты. Одан бөлек, куәгерлердің бірі отырыстан кейін әрқайсысы өз көліктерімен үйіне тарағанын және сол сәтте жол қозғалысы ережелерін бұзғанын мойындады. Кейін осы құқықбұзушылықтары үшін жүргізуші куәліктерінен айырылған. Олардың бұл қателігін мейрамхананың автотұрағынан түсірілген бейнежазба растайды. Сағат 3:30-да алты көлік Достық даңғылы арқылы әл-Фарабиге қарай бағыт алған. Сол сәтте жол ережелерін бұзып, қос тұтас жолақты кесіп өткен.
«Пак отырыстан кейін маған «Үйіңе жеткізіп салайын ба?» деді. Мен келістім. Бірақ көлікке мінер кезде ол «Сені басқа досым апаратын болды» деп айтты. Кейін Әл-Фараби даңғылына бұрылған кезде ақ түсті көлікті көрдім. Өте қорқынышты көрініс. Ол кезде Пактың көлігін байқамадық та. Кейін білдік.», – деді куәгер.
Бұдан соң айыпталушы тараптың адвокаты оқиға орнын қарау хаттамасындағы сызбаға қатысты сұрақтарын алға тартты. Судья келесі сот отырысында сол сызбаны жасаған полиция инспекторынан жауап алу керек деді.
«Сызбада көліктің соқтығысқанға дейін қарсы бағыттағы жолақпен жүргені, дөңгелек іздері және Zeekr автокөлігінен шашылған бөлшектер көрсетілген. Көліктің соқтығысқа дейін бөлшектеніп, шашырай бастағаны іс материалдарында зерттелмеді және оқиға орнын қарау кезінде тіркелмеген», – деді айыпталушының адвокаты Армана Рахманбердиева.
Алайда жәбірленуші тараптың өкілі бұл нұсқаның тергеу барысында тексерілгенін, бірақ расталмағанын мәлімдеді.
«Қорғау тарапының нұсқасы бойынша, көлік жол апатына дейін-ақ бұзыла бастаған көрінеді. Бұл болжам сотқа дейінгі тергеу барысында тексерілді, бірақ нақты дәлел табылмады. Іс материалдарында мұны растайтын айғақ жоқ», – деді жәбірленуші тараптың адвокаты Олег Чернов.
Айта кетейік, жол апаты болған түні оқиға орнына алғашқылардың бірі болып барған патрульдік полиция қызметкері де сотта куәлік етті. Тәртіп сақшылары сол жерге жеткен бойда бірден жедел жәрдем шақырғанын жеткізді. «Ол кезде Zeekr жүргізушісі өзін нашар сезініп тұрды. Бірақ масаң күйде болғаны байқалмады» деді куәгер.
Айдана Шалқар, Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Мектеп мұғалімі екен: Арыста 3 адамның өмірін қиған жүргізуші туралы жаңа деректер белгілі болды