Арақсыз ауыл: Қызылордада қос ауылдың тұрғындары алкогольдік өнімнен бас тартты

Сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 97 пайызы ауылда ішімдіктің сатылмауын қолдаған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде әр үшінші қылмыс спирттік ішімдікті шамадан тыс тұтыну салдарынан жасалады. Осыны ескерген қадағалаушы орган өкілдері «Арақсыз ауыл» жобасын кеңінен насихаттап келеді. Бастамаға бір кісідей үн қосқан Қызылорда облысындағы қос ауылдың тұрғындары алкогольдік өнімдерден біржола бас тартып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Игілікті істі Иіркөлдің жергілікті жұрты тегіс қолдаған. Оған сауда-саттықпен айналысатын ауылдағы кәсіпкерлер де келісе кетіпті. Осылайша барлығы бірауыздан ортақ шешімге келген. Аудан прокуроры жыл басынан бері бұл ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмегенін айтты.

«Жастардың бастамасымен кәсіпкеріміз арақ сатудан өз еркімен бас тартты. Бұл үрдісті басқа да елдімекендеріміз жалғастыруға ынталы болып отыр. Ауылдардағы қылмыстар айтарлықтай азайып тұр. Биыл Иіркел ауылында, тағы 4-5 ауылда мүлдем қылмыс тіркелмеген», – деді Қармақшы ауданының прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов.

«Жат әдеттерге тоқтам болған үлгілі істі сөзбен айту бір бөлек, ал оның нақты орындалуы үлкен жауапкершілік» дейді ауыл ақсақалдары. Сол үшін жұртты жинап, насихатты күшейтуге көшкен.

«Салауатты өмір салтын насихаттау, еліміздің тыныш бейбіт өмір сүру мақсатында «арақсыз ауыл» деген бастаманы қолдап, дүкенді ұстап отырған кәсіпкерлер шешім қабылдадық», – деді Иіркөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбай Білжанов.

Жалағаш ауданына қарасты Таң ауылы – өңірдегі көрікті елдімекендердің бірі. Мұндағы әлеуметтік нысандар, саябақтар мен инфрақұрылым жүйелері толық жаңарған. Енді үлгілі ауыл тұрғындары тәртібімен де танылсақ деп, игі бастамаға қолдау білдіріп отыр. Ал жергілікті дүкен иелері ішімдік сатуға рұқсат беретін лицензиядан бас тартты.

«Аудан прокурорлары, аудан ақсақалдарының бастамасымен ауылымызда арақ болмасын деген ниетпен лицензиямды тапсырғанмын. Арақсыз ауылды өз басым қолдаймын», – деді кәсіпкер Асхат Әлімов.

«Елімізде басбұзар, ажырасып жатқан, басқа қылмыстың түрі жоқ. Сонда да сырттан келетін қонақтар үшін үлгі болсын деп тәртіпті одан әрі нығайтқымыз келді», – деді Таң ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жалғасбай Өмірбаев.

Алкогольді сусындардан бас тартуға қатысты тұрғындар арасында сауалнама да жүргізіліпті. Оған қатысушылардың 97 пайызы ауылда ішімдіктің сатылмауын қолдаған. Ащы судың зардабы ауыр екенін түсінген тұрғындар «заң мен тәртіп – қоғамның темірқазығы» деп біледі.

Айта кетейік, «Арақсыз ауыл» жобасына аймақта жиырмадан астам ауыл қолдау білдірген.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Алматыда көлік саласындағы стратегиялық жобалар талқыланды

Новости партнеров