Арал қаласында Орталық Азиядағы ең бірінші геопарк ашылды

13.04.2026 20:10

«Geopark Aral» жобасы ЮНЕСКО-ның Ғаламдық геопарктер желісіне енгізілуі мүмкін

Сыр өңіріндегі «Geopark Aral» жобасы ЮНЕСКО-ның Ғаламдық геопарктер желісіне енгізілуі мүмкін. Өңірге келген халықаралық сарапшылар дайындық деңгейіне баға берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Халықаралық сарапшы Алиреза Амриказеми - геопарк жұмысын бақылауға келгендердің бірі. Ол көрген-білгенін Юнесконың мінберінде баяндап, консультативті кеңеске таныстырады. Ал сарапшылардың екінші легі мамыр-шілде айларында келеді деп күтілуде.

«ЮНЕСКО эксперті ретінде негізгі мақсатым – геопаркті зерттеп, номинацияға ұсынуға, құжаттарын толықтыруға кеңесімді беру. Арал геопаркі – тек Қазақстанда ғана емес, ол Орталық Азиядағы ең алғашқы геопарктің бірі. Дүниежүзілік геопарктер желісіне қосылуға ұмтылып тұр. Арал теңізінің проблемасы адамның қолымен жасалғандықтан, оны адамдар шешуі керек. Тек теңізді қалпына келтіру емес, оның этно, мәдени тұстарын, компоненттерін біріктіре отырып, жобаларды іске асыру. Бұл ЮНЕСКО тізіміне енсе, жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алады», – деді  UNESCO жаһандық геопарктер желісі бойынша консультативтік кеңесінің мүшесі Алиреза Амриказеми.

«Арал өңіріндегі климаттың өзгеру жағдайындағы туризмді, ғылымды және технологияларды дамыту» атты дөңгелек үстелде ғалымдар, дирекция өкілдері мен сарапшылар өзекті мәселелерді кеңінен талқылады. Арал теңізін сақтау мен трансшекаралық ынтымақтастық, құрғақшылыққа бейімделу алгоритмі ретінде салаға үздік технологияларды енгізу жайын сөз етті. Арал тағдыры – расында адамзат тарихындағы ең ірі экологиялық апат. Жиынның мақсаты да Аралдың – адамзатқа ортақ мұра екенін ұғындыру.

«Юнескоға өтініш бердік. Орталық Азиядағы ең бірінші геопарк Арал қаласында ашылды. Біздің мақсатымыз – Арал тағдырын көрген халық жақсылыққа, болашақта дамиды деген ойдамыз. Арал ауданына туризм көбейіп жатыр», – деді халықаралық Аралды құтқару қоры атқарушы дирекциясының директоры Серікқали Мұқатаев.

Мұнан соң қор өкілдері оқушылар арасында сурет байқауын ұйымдастырды. Жас суретшілер қылқаламмен қиялына ерік берді. Барлығының ортақ ойы - теңізді қайта тірілту. Үздік картиналар Душанбеде өтетін халықаралық көрмеге қойылады.

«Аралға жан бітсе» деген тақырыпта сурет салдым. Аралдың жаңа кезеңін салғым келді.Арал теңізінің жағдайы қазір онша қалыпты болмаса да кейін жақсы болатынын көрсеткім келді», – деді байқау жеңімпазы Асылзат Ерғазиева

«Жердің деградацияға ұшырағаны, судың жоқтығы, қоршаған ортаны жасылдандыруда бірқатар мәселелер келіп шығады. Апатшылыққа қарсы экологиялық таза өнімдер жетістіріп жатқаны, инновациялық жаңа стартаптардың ойлап табылғаны көзді қуантады», – деді халықаралық Аралды құтқару қоры Нүкіс филиалының өкілі Рысгүл Шарапова.

Сондай-ақ жастар мектеп ауласына көшет отырғызып, табиғатты қорғауға үндеді. Енді қор өкілдері жыл сайын бір мектептің ауласын көгалдандыруды жоспарлап отыр.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Өрт сөндіру көлігі жолын бөгеген автокөлікті соғып өтуге құқылы - заңгер