Өнердегі 30 жыл: әлемге танымал опера жұлдызы Алматыда ән кешін өткізді
Майра Мұхамедқызы – еліміздің опера өнерін әлемдік биікке көтерген біртуар тұлға
Сахна төрінде 30 жыл! Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы Алматыда жеке ән кешін өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айта кетейік, бұл — оның араға 15 жыл салып, Республика сарайында берген жеке шығармашылық концерті. Майра Мұхамедқызы – еліміздің опера өнерін әлемдік биікке көтерген біртуар тұлға. Ол Париждегі «Гранд-операда» өнер көрсеткен алғашқы қазақ әншісі атанып, халықаралық деңгейде мойындалды. Ерекше талант иесі Алматыда тыңдарманымен қауышып, қала тұрғындарының ықыласына бөленіп жатқанына дән риза екенін жеткізді.
«Әсерімді айтсам, қазір жылап жіберуім мүмкін. Әрине, толқып тұрмын. Өнер жолымды Алматыдан бастадым. Операның нағыз биігін бағындыруды 1994 жылы қолға алғам. Бүгін Алатаудың етегіндегі салтанатты сарайда қадірлі халықпен қайта қауышып тұрмын», – деді ҚР Халық әртісі Майра Мұхамедқызы.
«Бұл — үлкен мәртебе. Әлемдік деңгейдегі әнші қазақ мәдениетін халықаралық аренада асқақтатып жүргеніне шексіз қуаныштымын. Концерттік бағдарлама да өте жоғары деңгейде. Мұнда қазақтың халық әндерінен бастап классикалық опера мен итальяндық туындылар орындалуда. Майраның өнерін көптен бері сағынып едік», – деді сазгер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Серік Еркімбеков.
Халық әртісі кеште тыңдарман жүрегінен орын алған 25 туындыны шырқады. Опера өнеріне жаны құмар қала тұрғындары Республика сарайына қарай ағылып, жанды дауыстағы концертті тамашалады. Олардың арасында Майра Мұхамедқызының өнерін жылдар бойы сүйіп тыңдап келе жатқан еліміздің өзге өңірлерінен келген жанкүйерлер де аз болмады.
«Майра ханым — нағыз аңыз адам. Мен бұл кісіні мектепте оқып жүргеннен бері тыңдаймын. Марқұм шешем бұл кісінің өнер жолын айтып отыратын. Содан бастап отбасымызбен осы өнер иесіне ғашық болдық, ерекше жақсы көреміз. Оның дауысының қайталанбас феномен екені сөзсіз», – деді Жезқазған қаласының тұрғыны Жадыра Қазанғап.
Оқи отырыңыз: Алматы мен Чунцинді жаңа тікелей әуе рейсі байланыстырды