Аралда сексеуіл көбейді: ғалымдар қандай экологиялық тәжірибесі жасады

Жиынға 5 елдің эколог ғалымдары қатысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Арал теңізінің құрғаған табанындағы топырақты құнарландыру үшін фосфогипс қолданылуда. Ғалымдар экологиялық жобаны үш жыл бұрын қолға алған. Биыл сол жұмыстар нәтижесін беріп жатыр. Бұл туралы Таразда өткен халықаралық ғылыми конференцияда айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Халықаралық Аралды құтқару қоры осыдан бірнеше жыл бұрын Тараздағы «Казфосфат» кәсіпорнына жоба ұсынған еді. Зауыттан шыққан фосфогипс қалдығын Арал өңіріне жеткізіп, әр гектарға 40 тоннаға дейін сепкен. Нәтижесінде оның құрамындағы кальций топырақтағы зиянды натрий мөлшерін азайтып, құрылымын жақсартуға және сортаңдану деңгейін төмендетуге ықпал етіпті. 

«Фосфогипс суармалы жерлерде қолданылып келеді. Бірақ Арал теңізіне бірінші рет қолданып жатырмыз, ол суғарылмайтын жерлер. Сондықтан жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Тұздылығы азайып, флосфогипс қолданған жерімізде сексеуіл өсіп жатыр»,– деді халықаралық «Аралды құтқару қоры ҚР атқарушы дирекциясының директоры Серікәлі Мұқатаев.  

 Сондай-ақ тәжірибе жүзінде егілген сексеуіл және қарабарақ тұқымдарының 70 пайызы өніп шыққан. Енді ғалымдар Жамбыл жеріндегі фосфогипсті Арал өңіріне көп мөлшерде жеткізу үшін Үкіметтен қолдау сұрамақ. Ал мұны Құрылтай депутаты қолдап отыр.

«Деградацияланған жерлер жылма-жыл Қазақстанда көбейіп бара жатыр. Фосфогипстің жалпы пайдасы бар. Оны өзіміз шаруашылықтарда егін басында көргенбіз. Егер де нақты ғылыми тұрғыдан дәлелдесе, Құрылтай қабырғасында көтеріп, заңға және заңға тәуелді актілерге де кіргізуге ықпал ете аламыз», – деді ҚР Құрылтайының депутаты Әбілқайыр Тамабек.

«Казфосфаттан» шыққан фосфогипс көлемі 18 млн тоннаға жетті. Компания қалдықты алдағы уақытта жол құрылысына қолданбақ. Әзірге Жамбылдық шаруалардың жерін құнарландыру үшін тегін таратып жатыр.

Айта кетейік, Арал теңізінің құрғаған табанының жалпы аумағы 6 миллион гектардан асады. Оның 2,8 миллион гектары Қазақстан аумағында орналасқан.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан