"Археология саласында хаос болып жатыр". Мәжіліс депутаттары заңды қатаңдатуды ұсынды

30.10.2025 15:52

Депутаттар металл іздейтін құрылғыларды лицензиясыз пайдалануға тыйым салу керек екенін айтты

«Археология саласында хаос болып жатыр». Депутат Асхат Аймағамбетов Мәжіліс мінберінде осылай деп дабыл қақты. Оның айтуынша, қай жерде қандай қазба жұмыстары жүргізілгені, не табылғаны туралы нақты ақпарат мемлекетке жетпей отыр екен. Одан бөлек, археологтар анықтаған жәдігерлер де толық есепке алынбайтын көрінеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мәжілісмен Асхат Аймағамбетов қазақ даласынан табылған құнды жәдігерлердің шетелге кетіп, «қара нарықта» сатылып жатқанына алаңдаулы. Сөзінше, бәзбіреулер оларды металл іздегіштер мен арнайы құрылғылар арқылы тауып алып, шекара асырып жібереді екен. Тіпті қиратып тастайтын көрінеді. Енді төменгі палата заңды күшейтпек. Ол үшін металл іздейтін құрылғыларды лицензиясыз пайдалануға тыйым салуды ұсынып отыр. Сондай-ақ Қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі нақты нормаларды қатаңдатпақ.

«Президент берген тапсырма - осы жауапкершілікті қатаңдату. Соған байланысты, біз оны қатаңдату бойынша қазір нақты нормалар ұсынып, Үкіметпен бірге қарастырып жатырмыз. Керек болатын болса, 10-12 жылға бас бостандығынан айыру да қарастыруылуы керек. Ол мәселе қосымша талқыланады», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.

Алайда Үкімет археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізгендерге жазаны күшейтуге қарсы екен. Халық қалаулысы Мұрат Әбенов сырттан жәдігер іздеп келгендерге көз жұма қарап отырған топ бар ма деген күмәні барын жасырмайды. Ол Мемлекет басшысының 2024 жылы Ұлттық құрылтайда археологиялық қазба жұмыстарын заңсыз жүргізгені үшін жазаны күшейту туралы тапсырмасын орындауға асықпай отырғандарға шүйлікті.

«Қылмыстық жауапкершілік енгізу жөнінде ұсыныс берсек, Үкімет қарсы шығады. Әділет министрлігіне сұрақ – қалай сонда? Президент Құрылтайда тапсырма береді, біз Құрылтай мүшелері ретінде оны халыққа жеткіземіз. Ал біздің әріптестер заңға ұсыныс енгізсе, Үкімет ең маңызды нормаларға қарсы болады. Сонда сіздер Президенттің саясатына қарсысыздар ма?! Бұл қалай болғаны? Екінші оқылымға дейін қолдайсыздар ма, жоқ па? Егер қолдамасаңыздар, заң шикі күйінде қалады, онда оны қабылдаудың не қажеті бар?» – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов.

Әбеновке Әділет министрінің орынбасары жауап берді. Лаура Мерсалимова статистикадан сандар келтірді. Сөзінше, 2022 жылы тек екі құқықбұзышылық тіркелген екен. Сол үшін де Үкімет қылмыстық жауапкершілікті күшейтуден бас тартқан. 

«Сондықтан қолданыстағы қылмыстық санкцияларды күшейту қаншалықты орынды деген сұрақ туындады. Сонымен бірге ең алдымен осы құқықбұзушылықтарды ашу және алдын алу бойынша шараларды қабылдау қажет деп санаймыз. Сонымен бірге екінші оқылымға дейін осы мәселені жан-жақты тиісті органдармен қарастырып, құқық қолдану тәжірибесін назарға алып, тағы талқылауға дайынбыз», - деді ҚР Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова.

Ал Еділ Жаңбыршин болса мәселеге басқа қырынан қарайды. Оның айтуынша, тарихи ескерткіштерді қорғайтын инспекторлардың ешқандай да құзіреті жоқ екен. Тіпті олар заң бұзғандарды анықтаған жағдайда қолдарында толтыратын хаттаманың үлгісі де жоқ деп отыр. Сондықтан осы түйтікілді шешпей, заң жұмыс істемейді деп ашығын айтты.

«Әр өңірде әртүрлі хаттаманы толтырады. Үлгісі жоқ та, ойына келгенді жасайды. Сосын олардың қолында құзірет жоқ. Ұстап алды, не істейді оған? Айыппұл сала алмайды. Оны полиция құсатып апарып, қамай алмайды. Барлық мәселе сол инспекторда», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.  

Мәжілісмендер қызу талқылаған заң жобасында өзге де нақты нормалар бар. Мәселен, елімізде енді археология мен реставрацияға лицензиялар бөлек-бөлек беріледі. Саладағы жүйесіздікті жою үшін цифрлық жүйе енгізілді. Ұлттық археологиялық қызмет құрылып, жәдігерлердің мемлекеттік қоры жасақталады. Айта кетейік, құжат бүгін бірінші оқылымда қаралды. Нәтижесінде, тек бір депутат қалыс қалып, 89-ы жақтап дауыс берді. Алда екінші оқылым бар. 

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Блогерсымақтарды қатаң жауапқа тартатын кез келді – депутат