Архивтегі аманат: Серәлі Қожамқұлов мұрасы көпшілікке ұсынылды

05.05.2026 19:59

Алматыда сахна саңлағының 130 жылдығына арналған «Ғасырлар үнін сақтаған бейне» атты мәдени іс-шара өтті

Бүгін – қазақ театр және кино өнерінің негізін салушылардың бірі Серәлі Қожамқұловтың туған күні. Алматыда сахна саңлағының 130 жылдығына арналған «Ғасырлар үнін сақтаған бейне» атты мәдени іс-шара өтті, деп хабарлайды  Almaty.tv

Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінде Социалистік Еңбек ері, Қазақ КСР-інің халық әртісі Серәлі Қожамқұловтың өмірі мен шығармашылық жолын, сондай-ақ қазақ кәсіби театрының қалыптасу кезеңдерін қамтитын фотокөрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ 1972 жылы «Қазақтелефильм» студиясы түсірген «Сераға» деректі фильмінің көрсетілімі болды. Іс-шараға мәдениет және өнер саласының өкілдері, театр және кино қайраткерлері, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары мен Қожамқұловтың ұрпағы қатысты. ¤

«Ол кісінің фотоқұжаттары, дыбыс жазбалары және бейнесі сақталған деректі фильмдер, көркем фильмдер бізде сақталған. Біз осы іс-шараға байланысты сол кісілермен бірлесіп архив қорында жатқан фотосуреттерді шығарып, баспаханаға беріп көрме ұйымдастырып отырмыз», – деді орталық Мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің директоры Ілияс Ысқақов.

«Қазақ театрының ашылғанына жүз жыл болды деген үлкен мерейлі меженің үстінде тұрмыз. Ең алдымен еске түсетін ұлы тұлға болса, ол  – Серке Қожамқұлов. Өйткені қазақ театры ашылсын деген бұйрық Серке Қожамқұловқа берілген», – деді М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек.

Оқи отырыңыз: Алматыда әлемге әйгілі кәсіпкер нарық талабына икемдеу жолдарын айтты