Кітап фермерлерге, селекционерлерге, аграрлық сала мамандарына, студенттер мен оқытушыларға арналған
Алматыда «Үйірлі жылқы шаруашылығы» атты жаңа ғылыми-оқу құралы таныстырылды. Көрнекті ғалымдар Айбын Төрехан мен Қырғызбай Бегімбековтің еңбегі қазақтың дәстүрлі жылқы өсіру тәжірибесін қазіргі ғылыммен ұштастырып, саланың теориялық әрі практикалық негіздерін жүйелейді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кітапта жылқының эволюциясы мен қолға үйретілу тарихынан бастап, үйір құру, табын құрылымы, айғырдың рөлі, биелерді құлындату, жас төлді өсіру, селекция және асылдандыру әдістері жан-жақты қамтылған. Сондай-ақ жылқыны жыл бойы жайылымда бағу технологиясы, азықтандыру нормалары мен өнім өндіруді ұйымдастыру мәселелері де ғылыми тұрғыда талданған. Авторлар ұлттық тәжірибені биология, генетика және заманауи өндірістік тәсілдермен байланыстыра отырып, үйірлі жылқы шаруашылығын аз шығынмен тиімді жүргізудің жолдарын ұсынады. Мамандардың айтуынша, бұл еңбек – жергілікті жылқы тұқымдарын сақтауға, жайылым ресурстарын ұтымды пайдалануға және экологиялық таза өнім өндіруге бағытталған маңызды қадам. Ғылыми-оқу құралы фермерлерге, селекционерлерге, аграрлық сала мамандарына, студенттер мен оқытушыларға арналған.
«Өзекті мәселе – қазақтың өзіне тән мықты, жақсы түлігі жылқы шаруашылығындағы мамандар дайындау. Осындай мамандар дайындаудың негізгі көзі – оқу құралдары мен оқулықтар жазу», – деді оқу құралының авторы Қырғызбай Бегімбеков.
Оқи отырыңыз: Жылыту маусымына мектептер мен медициналық мекемелер 1 қыркүйекке дейін дайын болуы керек