Артында екі баласы қалды: Атырауда ер адам әйелін өлтірді деген күдікке ілінді

20.08.2025 16:40

Қайғылы оқиға 19 тамызда қаладағы тұрғын үйлердің бірінде болған

Аlmaty.tv

Атырауда жергілікті тұрғын өз әйелін өлтірді деген күдікке ілініп, қамауға алынды. Қайғылы оқиға 19 тамызда қаладағы тұрғын үйлердің бірінде болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі «Мой город» порталына сілтеме жасап.

Куәгерлердің айтуынша, ерлі-зайыптылардың арасында жанжал туындап, соңы әйелдің қаза табуымен аяқталған. Марқұм 39 жаста болған. Оның артында кішкентай екі қызы жетім қалды.

Қайғылы жағдай туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тез тарап, қала тұрғындарының арасында қызу талқылауға себеп болған.

Атырау облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі таңда кешенді тергеу амалдары жүргізілуде», – деді ведомство өкілдері.

Полиция тергеу мүддесіне байланысты басқа мәліметтерді жария етпеді.

Оқи отырыңыз: Үржардағы қайғылы жағдай: ауруханадағы бір баланың жағдайы ауыр