Қазақстанда ет өндіру мен экспорттаудың әлеуеті толық игерілмей отыр. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін өңірлерде ірі өндірістік нысандар ашылуда. Соның бірі – Арыс қаласы маңында бой көтерген Орталық Азиядағы ең ірі мал бордақылау кешені. 50 мың ірі қараға арналған нысанның ашылуына Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин арнайы қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Арыс қаласында іске қосылған кәсіпорын ет экспортын арттыруға айтарлықтай үлес қоспақ. Былтыр республика бойынша шетелге 100 мың тоннадан астам ет жөнелтілген. Ал жаңа кешен жылына 15 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Бұл ішкі сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, отандық өнімді сыртқы нарыққа шығаруға да мүмкіндік береді.
«Қазір ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 6 пайызды құрайды. Мал шаруашылығын дамытсақ, оны 10 пайызға дейін жеткізуге болады. Былтыр экспорт көлемі 100 мың тоннаға жетті. Бұл, әрине, аз. Себебі жеріміз де, мүмкіндігіміз де, адам ресурсы да жеткілікті. Мал шаруашылығы ертең экономиканың драйверіне айналуға тиіс», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Мал басын көбейтумен қатар, еттің өзіндік құнын төмендету де маңызды. Көп жағдайда шаруалар жем-шөпті сырттан сатып алып, қосымша шығынға батады. Ал бұл кешенде мал азығы өздері өндіріледі. Серіктестік іргелес жатқан 4 мың 710 гектар алқапқа жем-шөп дақылдарын еккен. Егістікте жаңбырлатып суару технологиясы қолданылады.
«1500 гектар жерге жаңбырлатып суару жүйесін орнату жұмыстары аяқталды. Енді алдағы уақытта тағы 3500 гектар жерге осы жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл малдың жем-азығын өзіміз өндіруге мүмкіндік береді», – деді шаруашылық басшысы Сырым Ертаев.
Жалпы, елімізде 2024 жылдан бері етті мал шаруашылығында австралиялық тәсіл қолданыла бастады. Арыстағы кешен де осы халықаралық стандартқа сай салынған. Жобаны іске асыруға соңғы екі жылда 7 миллиард 600 миллион теңге инвестиция бағытталған. Сарапшылардың пікірінше, мұндай технологиялық кешендер ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қазақстандық еттің сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Нұркен Әкімхан, Almaty TV, Түркістан облысы