Май тұтанған жағдайда ең басты ереже – су құймаңыз
Ас үйде өрт санаулы секундта тұтануы мүмкін. Қараусыз қалған плита, шамадан тыс қызған май немесе ақауы бар электр құрылғысы шағын тұтанудың тез арада үлкен өртке ұласуына себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері Қазақстанның тұрғын үй секторында 4 876 өрт тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5%-ға аз. Өрттердің 50,6%-ы электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану қағидаларын бұзудан, 18,4%-ы пешпен жылытуды орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаудан, тағы 16%-ы отпен абайсыз жұмыс істеуден болған.
"Май тұтанған жағдайда ең басты ереже – су құймаңыз. Су лезде буға айналып, жанып жатқан майдың шашырауына және өрттің таралуына әкелуі мүмкін. Қауіпсіз болса, плитаны өшіріп, ыдыстың бетін қақпақпен жауып, оттегінің келуін тоқтатыңыз. Жанып жатқан кастрөлді немесе табаны орнынан қозғамаңыз. Ыдысты толық суығанша қақпағын ашпай қалдырыңыз. Егер өрт тарала бастаса, бөлмеден шығып, 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалыңыз", - делінген ТЖМ хабарламасында.
Электр құрылғысы тұтанған жағдайда, қауіпсіз болса, алдымен оны электр желісінен ажыратыңыз. Тоқ көзіне қосылып тұрған жабдықты сумен сөндіруге болмайды. Түтін пайда болса немесе өрт тарала бастаса, оны өздігінен сөндіруге әрекет жасамаңыз. Бөлменің есігін жауып, пәтерден шығыңыз және жақын маңдағы адамдарға ескертіңіз. Лифтіні пайдаланбаңыз және заттарыңызды алуға қайта кірмеңіз.
"Ас үйдегі өрттің төтенше жағдайға ұласуына жол бермеу үшін тамақ дайындау кезінде плитаны қараусыз қалдырмаңыз, сүлгілерді, ас үй ұстағыштарын және басқа да тез тұтанатын заттарды плитадан алыс ұстаңыз. Электр сымдары мен тұрмыстық техниканың жай-күйін үнемі тексеріп отырыңыз. Балалары бар отбасылар плита мен ыстық ыдыстарға балалардың қолы жетпеуін қадағалауы қажет. Ең бастысы, өрттің алғашқы белгілері байқалғанда, мүлікті құтқаруға уақыт жоғалтпаңыз", - дейді мамандар.
Оқи отырыңыз: Суды дұрыс ішу ережелері қандай