Асабалар тойдың қадірін қашырып жүрген жоқ па

Алматыда өткен «Той – тәрбие мен тағылымның ордасы» атты семинар өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тойдың көркін қыздырамыз деп, қадірін қашырып жүрген жоқпыз ба? Арзан әзіл, ерсі ойын, әдептен озған би мен аста-төк дастарқан. Кейінгі кездері қазақтың қуанышы дарақылықтың додасына айналып барады. Осы түйткілдер Алматыда өткен «Той – тәрбие мен тағылымның ордасы» атты семинарда кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Той десе, қу бас домалайды». Қуанышын көппен бөліскен қазақ үшін тойдың орны қашанда бөлек. Алайда ақ тілек пен ақ батаға толы думан соңғы уақытта даңғазалықтың додасына айналып баратындай. Бір күндік салтанат үшін қарызға батып, қалтасын қағатындар да аз емес. Аста-төк дастарқан мен бірінен-бірі асып түсуге ұмтылған бәсеке тойдың тәрбиелік мәнін тасада қалдырады. Семинарда сөз алған дін өкілдері де осы мәселеге алаңдаушылық білдірді.

«Ысырап – Алла сүймейтін іс.  Қуанышқа шашылып жатырмын, жақсылыққа жұмсап жатырмын деп ойлауы мүмкін. Бірақ оның мөлшері болуы керек. Өйткені адамның қонақжайлылығы  аста-төк ысыраппен өлшенбейді. Адамдар тұтына алатындай мөлшерімен болғаны құба-құп», – деді Алматы қаласының бас имамы Төлеби қажы Оспан.

Тойдың тізгінін ұстаған асабаның да жауапкершілігі жеңіл емес. Өйткені көпшіліктің көңілін көтеру мен әдептен аттаудың арасы бір-ақ қадам. Кейбір салтанатты кештерде ерсі ойындар мен ашық-шашық билердің белең алуы да сынға ұшырап жүр. Жиынға қатысушылар қуаныштың шырайын кіргізу үшін әдептен аттау міндет емес екенін атап өтті.

«Той – ұлтты ұйыстырудың ұтымды тетігі. Егер жөндеп жасай алсақ, әрине. Бізде дарақылық көп, қарызға ақша алып той жасайды. Тойда бейберекет, кейде кісінің жанын түршіктіріп, иманын бір уыс ететін жабайы, өрескел әдеттерді көрген кезде қарның ашады», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс.

«Көршіміз Алмас Алматов жыршы, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Халық әртісінің бір ақ ауыз сөзі бар. «Әзіл деген сөздің «ә» деген кезде зілі тұруы керек» дейді. Соны ұғып алса, жүргізуші, әрбір асаба, қателеспейді деп ойлаймын», – деді асаба Қосқанат Көпжасар.

Той тарқайды, тарқамауы тиіс нәрсе – тағылым. Арзан күлкі мен ерсі қылық, ысырап пен даңғаза  ұлттық дәстүрдің қадірін кетірмеуі тиіс. Семинарға жиналғандар осы ұстанымды той мәдениетінің темірқазығына айналдыру қажет деп санайды.

Мәди Мәлік, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Ауыл мұғалімі ерекше балаларға арналған оқу құралын жасады