Шаһардағы мектептердің бірінде 170 «ақылды» камера орнатылды
Білім беру саласында жасанды интеллектіні дамыту – Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған басым бағыттардың бірі. Ал Көкшетау қаласында бұл үрдіс жүзеге асып та үлгерген. Шаһардағы мектептердің бірінде 170 «ақылды» камера орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ашу-ыза, қуаныш пен қақтығыс. Енді жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін камералар адам бойындағы өзгерісті де бақылайды. Ақылды жүйе Көкшетау қаласындағы жаңадан ашылған мектеп-лицейінде енгізіліпті. Құрылғы оқушы мен мұғалімнің эмоциясын талдайды, өзгешелік байқалса, бірнеше секундтың ішінде әкімшілікке бейнежазбамен бірге хабарлама жолдайды.
«Құрылғы 1 қыркүйектен бастап енгізіп жатырмыз. Бұл – қауіпсіздік үшін, буллингке қарсы енгізілген бағдарлама. Басында жайсыз жағдай болған, қазір азайып келеді», – деді Техникалық мектеп-лицейінің директоры Тілеген Амангелді.
Қызығы сол, алгоритм тек екі арадағы келіспеушілікті ғана емес, адам көңіл-күйінің қандай екенін де анықтайды. Егер оқушының немесе мұғалімдердің жүйкесі тұрақты түрде ширығып жүрсе, психолог дер кезінде көмекке ұмтылады.
«Эмоция смайликтар арқылы көрсетіліп отырады. Баламның қашан, қай уақытта келіп-кеткенін, тамақтанғанын барлығын жаңағы алақан арқылы біліп отырамыз. Әлбетте міндетті түрде ол көмектеседі. Өйткені ата-ана үйде отырғанда баласының қауіпсіздігі үшін еш алаңсыз отырады», – деді техникалық мектеп-лицейі оқушысының анасы Сандуғаш Қапасова
Бір айдың ішінде «ақылды жүйе» 20-ға жуық қақтығыстың алдын алып, 10-ға тарта оқушы мен мұғалімді психологқа бағыттады. Бұл – тың технологияның бақылау үшін ғана емес, тәлім алушыларға қауіпсіздік пен қолдау көрсету үшін де жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді.
Гүлмарал Изатқызы, Рүстем Айткәрім, Карина Нығметова, Рамиль Дусумов, Ақмола облысы
Оқи отырыңыз: Өнертапқыштар әлемі: Алматы облысында оқушылар қажеттілігі бар оқушыға қол протезін жасады