Ашық жатқан шұңқырға құлап, ажал құшқан: Шымкентте 6 жастағы баланың өліміне қатысты сот үкімі шықты

07.11.2025 21:38

Кәсіпкер марқұм болған баланың анасына 10 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелді

Шымкентте 6 жастағы баланың өліміне қатысты ауыр шындықтың беті ашылды. Бірінші сынып оқушысының нәжіс суына құлап мерт болуына кәсіпкердің жауапсыздығы себеп болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елді есеңгіреткен қаралы жағдай сәуірде болған. Ойын баласы ашық жатқан шұңқырға құлап, ажал құшқан. Ал бұл орды кәріз жүйесін жөндеген мердігерлер қазып, кейін бетін жаппақ түгіл, қоршамай кеткен. Бүгін сол құрылыс талаптарын сақтамаған мекеме басшысы сот алдында жауап берді.

«Аталған қылмыстық іс рақымшылық заңына дейін орын алғандықтан, екіден бір бөлігіне қысқартып, Тастанбековке түпкілікті 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің барынша төмен мекемелерінде өтеуді тағайындады», – деді судья Нұрсұлтан Мыңбатыров.

Сонымен қатар кінәлі кәсіпкер марқұм болған баланың анасына 10 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелді. Бірақ ол шешіммен келіспей, өзін ақтауды сұрап отыр. Ал жәбірленуші тарап болса, сот шешімін әділ деп санайды.

«Сот әділ шешім қабылдады. Бұл жағдай барлық құрылыс компанияларының басшыларына сабақ болады деп ойлаймыз. Менің қорғауымдағы әйелдің азаматтық талабы толық көлемде қанағаттандырылды. Біздің сот үкіміне көңіліміз толады, сондықтан апелляциялық шағым түсірмейміз», – деді жәбірленуші тараптың адвокаты Шынар Ермекова.

Еске салсақ, қайғылы жағдайдан кейін шымкенттік шенеуніктер де жауапқа тартылған. Нақтырақ айтсақ, аудан әкімі қызметінен босатылып, қала басшысының осы салаға жауапты орынбасары сөгіс алды.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында қайын атасы келінін зорлады деген күдікпен ұсталды