Асқар Жалелов: Әскери форма — әулетім пен Отан алдындағы адалдықтың символы

Ұлттық ұлан академиясының курсанты Асқар Жалелов — әулет дәстүрін жалғап келе жатқан жас офицер

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Батыр бабалардың ерлігін бүгінгі ұрпақ жалғастырып келеді. Ұлттық ұлан академиясының курсанты Асқар Жалелов — әулет дәстүрін жалғап келе жатқан жас офицер. Асқар үшін әскери форма — әулет пен Отан алдындағы адалдықтың символы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Асқар Жалелов — әскери қызметті жүрек қалауымен таңдаған курсант. Арғы атасы — соғыста хабарсыз кеткен Төкеш Өтеғали, атасы — радиобайланыс маманы, ал әкесі — полковник Кенжебек Төкешов. Асқар қазір бет-әлпетті 100% тануға арналған жасанды интеллект жобасын дайындап жатыр. Бұл бастама министрліктің ұйымдастыруымен өтіп жатқан ғылыми жұмыстар байқауында үшінші кезеңге өткен.

«Менің академия қабырғасында жасаған ғылыми жобам бар.  Ұлттық ұлан байланыс құралдарына жасанды интеллект енгізуге бағытталған жобаның мақсаты – іздестіріп жүрген адамды тезарада табу. Әскери қызмет ол тек мамандық емес, ол – өмір салты. Бала кезімнен әкемнің тік тұрып, ел алдыңдағы парызын абыроймен атқарғанын көріп өстім. «Отан отбасынан басталады» демекші, мен – әскери династияның төртінші буынын жалғастырушымын», – деді Ұлттық ұлан академиясының курсанты Асқар Жалелов.

Асқар бала кезден Отан қорғауды мақсат еткен. Бүгінде ол — академиядағы озат курсант, жаңа технологияны меңгеруге ерекше қызығушылық танытып жүрген жас. Радиобайланыс саласындағы заманауи шешімдер, жасанды интеллект жобалары — Асқардың болашақтағы офицерлік қызметіне бағыт сілтер басты басымдықтар.

 «Отан қорғау біздің әулетіміздің қағидасы деп айтсам қателеспеймін. Асқар осы әскери жолды таңдап, Ұлттық Ұлан әскерлерінің қатарында офицер боламын дегеніне өте қатты қуандық. Ол – менің жолым, менің атамның жолы. Осындай ұл тәрбиелегеніме қуаныштымын!» – деді А. Жалеловтің әкесі, полковник Кенжебек Төкешов.

Ұлттық ұлан академиясында бүгінде 700-ге жуық курсант білім алып жатыр. Мұнда отандық және шетелдік жастар сапалы әскери дайындықтан өтеді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығында бұл оқу орны — ерлік сабақтастығын жалғап, жаңа буын офицерлерін тәрбиелеуді жалғастырып жатыр.

Айжан Дайрабай, Алмат Ілиясов

Оқи отырыңыз: Қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азамат наградталды

Новости партнеров